Бұл бірегей инновациялық жобаны «Болашақ» корпоративті қоры мен STEM Academia компаниясы Қазақстанның жалпы білім беру мектептеріне енгізуді ұсынып отыр.
«NurLab» жобасын AR/VR сыныптары деп атауға да болады. Бұл балаға физика, математика, химия пәндерінде алған білімді өмірде қолдануға және толыққанды түсінуге мүмкіндік береді. Біздің оқушы кезімізде физика мен химиядағы құбылыстарды тек кітап бетінен оқитынбыз. Ал қазір жаңа AR/VR технологиялары арқылы оларды қолмен ұстағандай көз алдына елестете алады. Мәселен, бағдарламада машинаның моторының қандай бөлшектерден құралғаны, қай бөлшекті қалай жөндеу керектігі 3D үлгіде көрсетілген. Арнайы интерактивті қаламсаппен бөлшектерді бұрап көруге болады. Осы 3D үлгіде жобалап үйренген бала зауыт-фабрикаларға барып, дайын механик, техник болып шыға келеді. Яғни, мектепте пәнді жетік түсінген балалар экспортқа жаңа өнімдер шығара алады», - деді STEM Academia негізін қалаушы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Әбутәліп Мүтәлі.
Оның айтуынша, Қазақстан - AR/VR сыныптарын қолдануды бастаған АҚШ пен Қытайдан кейінгі үшінші ел.
«Әлем бойынша АҚШ пен Қытай AR/VR сыныптарын мемлекеттік бағдарламаларына енгізген. Посткеңестік елдер арасында бұл жүйе Ресейден бұрын, Қазақстанға шығып отыр. Қытайда 2020 жылға дейін, Америкада - 2023 жылға дейін AR/VR сыныптарын мектептерге енгізу бағдарламасы қабылданған. Стэнфорд университетінің зерттеуіне сәйкес, жаңа технологияларды қолданған баланың білімді қабылдау деңгейі басқа балалардан екі-үш есе тезірек қабыланады», - деді ол.
Әзірге физика, химия, биология пәндері бойынша оқыту бағдарламалары дайын. Үш тілде балаға қосымша білім беруге барлық мүмкіндік жасалған.
«Бұл пәндерден бөлек, Қазақстан тарихын үйретуге үлес қосып жатырмыз. Алғашқы кезеңдер балалар егемендік қабылдаған 1991 жылға саяхаттай алады. Онда Елбсының кейпіне кіріп, Конституцияға қол қойғанын елестете алады. Және астанамыздың макеті жасалып жатыр, бағдарламаға көшелер мен әрбір ғимараттың тарихын енгізуге болады», - деді Ә. Мүтәлі.
Сонымен бірге, академия басшысы «NurLab» жобасының мағынасын түсіндіріп берді.
«Елбасы есімін - тек қана музейдегі ескерткіш, экспонат ретінде қалдырмай, жаңа жобалармен жадымызда сақтау керек. Себебі ол Қазақстанға жаңа идеяларды әкелген новатор. Сондықтан, осы жобаны Елбасы есімімен біріктіріп, балаларға заманауи зертханалар арқылы білім беріп, балаларды әлемдік нарыққа негізделген өнім шығаруға машықтандыруды мақсат етіп қойдық», - деді Ә. Мүтәлі.