«Болашақ» түлектері үшін Астанада бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі өтеді

АСТАНА. 16 шілде. ҚазАқпарат - «Болашақ» бағдарламасының түлектері үшін 18 шілде күні Рэдиссон отелінде «Astana Job Fair» үш күндік бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өтеді. Бұл туралы astana.kz сайты хабарлады.

Жәрмеңкеге қатысу үшін қазірдің өзінде болашақ түлектері табысты еңбек етіп жатқан ірі қазақстандық және шетелдік жұмыс беруші компаниялар шақырылды.

«Жәрмеңке аясында «ТенгизШевройл», Procter&Gamble, KPMG, Schlumberger, Bi-group.kz компаниялары қызметінің тұсаукесерін өткізу жоспарлануда. Сондай-ақ, бағдарлама түлектерін жұмысқа орналастыру үшін қазіргі уақытта кәсіптік салада барынша көп сұранысқа ие техникалық мамандықтар бойынша іріктеу өткізіледі», - деп мәлім етті «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ баспасөз қызметі таратқан ақпарда.

Шара барысында шақырылған қатысушыларға еңбекпен қамту саласының мамандары еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болу дағдысы туралы құнды ақпаратпен бөліседі деп күтілуде. Өз кезегінде «Болашақ» бағдарламасының өз саласында кәсіби тұрғыда шыңдап үлгерген түлектері тренинг ретінде аудиториямен жинаған тәжірибелері мен жетістіктерімен бөліседі.

Еске сала кетсек, бүгінгі таңда «Болашақ» бағдарламасының 5 760 түлегі Қазақстанның жетекші 24 саласында қызмет етіп келеді. Атап айтсақ, экономика - 1673, ақпараттық технология - 867, білім және ғылым - 371, заң - 260, әлеуметтік сала - 79, мұнай-химия өндірісі- 137, медицина - 281, мұнай-газ саласы - 583, көлік - 68, мемлекеттік сектор - 665 адам және т.б. Бағдарлама түлектері «ҚазМұнайГаз» АҚ, «Қазақстанның мұнай-газ институты» АҚ, KEGOC, Samruk-Green Energy, General Electric International Inc., «Астана Innovations» АҚ, Қазақ-британ техникалық университеті, «ТенгизШевройл» ЖШС сияқты еліміздің ірі компанияларында аса жоғары сұранысқа ие.