«Болашақ» түлектерін жұмыспен қамту туралы арнайы бағдарлама әзірлеуге болады - «Самұрық-Қазына» қоры

А. Қарашаның 25-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Еліміздегі ірі компаниялардың мамандарға деген сұранысын ескере отырып, «Болашақ» түлектерін жұмыспен қамту туралы арнайы бағдарлама әзірлеуге болады. Бүгін Астанада басталған «Болашақ түлегі - 2009: әлеуетті игеру»  форумы барысында «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының ұжымды басқару жөніндегі директоры Жомарт Абиесов осындай ұсыныс жасады,

  деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Осы бағдарлама аясында біз қажетті мамандарға тапсырыс берер едік. Мәселен, бүгінгі таңда техникалық, ақпараттық технологиялық, менеджер, жобалық қаржыландыру бағыттары бойынша жас мамандарға деген сұраныс бар», деді Ж. Абиесов.

 Сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорының басқарушы директоры еліміздегі маман ауыстыру картасын және жас мамандарға деген сұранысты көрсететін арнайы веб-порталды әзірлеуді ұсынып отыр.