«Болашақ» университетінің ректоры: Елбасы Жолдауы - білім берудегі басты даму жоспары

ҚЫЗЫЛОРДА. 30 қаңтар. ҚазАқпарат /Жаңагүл Сердалы/ - Қазақстан Республикасындағы білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялык даму жоспары болса, Елбасының биылғы Жолдауы халықтың, біздің жастардың күткен ел экономикасы дамуының стратегиялық бағыт-бағдарламасы болды.

Білім мен ғылымның, зияткерлік ұлт қалыптастыру мен адам капиталының сапалы өсу тұғырнамасын көрсетіп берді.

«Біздің «Болашақ» университетінің ұжымы, студенттері мен профессор-ғалымдары, барлығы 500-ден астам адам Жолдауды бір залда отырып, өте мұқият тыңдады», - дейді осы орайда университет ректоры, профессор, Қазақстан Республикасы Білімі беру ісінің құрметті қызметкері Өмірбек Үмбетұлы.

«Біз  бұдан 2 жыл бұрын «Электронды университет» мега-жоспарын енгізу жөнінде шешім қабылдаған едік. Міне, бұл жолғы Жолдау сондай «электронды оқытудың» артықшылығы мен даму жолын танытты. «Электронды университет», «Электронды Үкімет» ел дамуының алдыңғы қатарлы басыңқы бағыты екенін көрсетті. Университет ұжымының білім беруде әлемнің озық технологиясына жастарды оқытып-үйрету оқытушылар мен ғалымдардың міндеті екенін біз түсіндірудеміз», - деді ректор сөзінің соңында.