Болашақ ұрпақты дамытуда инвестицияларға иек арту бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға мүмкіндік береді - ҚР вице-премьері

АСТАНА. 12 маусым. ҚазАқпарат - «Болашақ ұрпақты дамытуда инвестицияларға иек арту инновациялық экономика құруға қажетті бәсекеге қабілетті ұлт қалыптастыруға мүмкіндік береді», - деді ҚР вице-премьері Ербол Орынбаев Назарбаев Университетінде жоғары білім көшбасшыларының екінші Еуразиялық форумында сөйлеген сөзінде.

Ол бәсекеге қабілетті білім жүйесі елдің болашақ әлеуметтік-экономикалық және мәдени гүлденуіне жол ашатын тұғырнама ретінде қызмет етеді, деп атап өтті.

Оның айтуынша, ҚР-ын дамытудың 2020 жылға дейінгі стратегиялық жоспары 2020 қарай елдің қандай болатынын көз алдыңызға әкеледі: бұл дегеніміз - Қазақстанның білімді ел болуы, ақылды экономика және жоғары білікті еңбек ресурстары.

«Отандық білім беру жүйесін жаңартудың кезең-кезеңмен жүзеге асырылатын «Жол картасы» орнықты экономикалық өсімнің факторы ретінде сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған 2011-2020 жылдарға арналған Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасында белгіленген», - деді ҚР вице-премьері.

Еске сала кетейік, бүгін Астанада жоғары білім көшбасшыларының екінші Еуразиялық форумы жұмысын бастады.