Болашақ заңгерлердің 97 пайызы ақылы білім алып жатыр

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгінде заңгер мамандығы бойынша жоғары білім алып жатқан жастардың 97 пайызы ақылы негізде оқиды. Бұл туралы Сенатта өтіп жатқан парламенттік тыңдауда Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты.

- Қазіргі уақытта заң саласындағы 59 жоғары оқу орнында 40 мыңға жуық білім алушы оқиды.

Бұл бұрыннан қалыптасқан үдеріс. 1992 жылдардың басында гуманитарлық буын болған еді. Көптеген бала, ата-аналар гуманитарлық бағытқа мән берген. Бүгінде нақты мемлекеттік тапсырыс алатын және заң саласында кадр дайындайтын ЖОО-лар тізімі 13-ке дейін қысқарды. Білім алып жатқан 40 мыңға жуық студенттің басым бөлігі – 30 мыңға жуығы бакалавриат студенттері. Магистратура мен докторантурада оқитындардың саны 5,5 пайызды құрайды, мангистратурада – 1 996, докторантурада – 163 адам, - деді министр.

Оның атап өтуінше, өткен жылдан бастап заң бағытында білім беретін жоғары оқу орындарына қойылатын талап күшейтілді. Ендігі уақытта оларда криминалистикалық полигон, заң клиналикалары болуы тиіс. Сонымен қатар профессор-оқытушылар құрамының басым бөлігінде практикалық тәжірибе болуы қажет.

- Соңғы 4 жылда заң бағыты бойынша білім алуға 1 656 грант бөлінді. Өздеріңіз білетіндей, бұл бағытта білім алу үшін талапкерлерге қойылатын талап күшейтілген. Ақылы оқу үшін де ҰБТ балы кемінде 75 балл болуы керек. Бұрын шекті балл 50 болатын. Заңгер болуға ниетті дарынды жастар саны өте көп. Әлі осы үрдіс келе жатыр. Грант санын қысқартсақта 97 пайызы ақылы түрде білім алады. Студенттердің шәкіртақылары 2022 жылмен салыстырғанда 2 есеге артты. Бүгінде студенттердің шәкіртақысы 55 мың теңге шамасында, магистранттарда 85 мың теңге шамасында, ал докторанттар 265 мың теңге алады. Қазір магистратура, докторантураға баса мән бергіміз келеді. Заң ғылымы, криминалистика, жасанды инителлект, цифрлық құқық саласында ғалымдар өте аз. Сондықтан ғылымға жастар көбірек келуі үшін қаржылай да ынталандыру шараларын қабылдап жатырмыз, - деді Саясат Нұрбек.

Бұған дейін Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев заң саласындағы мамандардың саны бар да сапасы жоқ екенін айтқан болатын.