Болашаққа арналған экономикалық даму сатылары осы томдықтарда нақты көрсетілген - Оразалы Сәбден

None
АЛМАТЫ. 22 қараша. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бұл көп томдық Қазақстан қандай ел, болашағы қандай, алда қандай өзгерістер болады және жаһандық үдерістерге қалай жауап беру керек деген сұрақтарға жауап береді. Оны Қазақстан Ғалымдар одағының президенті, Экономика институтының директоры Оразалы Сәбден бүгін Алматыдағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде 21 томдық «Экономика» таңдамалы жинағының тұсаукесер рәсімінде айтты.

«Экономика» көп томдығы - көп жылғы жинақталған, жүйеленген еңбектердің жемісі. Жас ғалымдарға, магистранттарға, докторанттарға және экономисттер үшін таптырмас құнды дүние. Мұнда ел тәуелсіздігінің қалыптасуы, өркендеуі кеңінен қарастырылған», - дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ректоры Ғалым Мұтанов. ҚР ҰҒА Академигі Аманжол Қошановтың пайымдауынша, «Көп томдық - экономикалық дамудың ғылыми негізі, ғылыми болжамы және экономикалық өсуге нақты тікелей құрал деп бағалаймын. Жаңа кезеңде Қазақстан қандай құралмен жауап беру керек деген мәселелерді қамтуымен маңызды». Академик Сағындық Сатыбалдин оған - «Елдің болашағына арналған үлкен еңбек. Қазақстан қайда бара жатыр, болашақ қандай болады, еліміз өсіп-өркендеудің қандай дәрежесінде деген сауалдар толық қамтылған», - деген баға берді. Ал кітап авторы, экономист-ғалым, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері О. Сәбденнің сөзіне қарағанда, енді мемлекеттік деңгейде 3 аудит құрылу қажет. Біріншісі - мемлекеттік шығындармен жұмыс істесе, екіншісі - технологиялық деңгейлерді саралаумен, үшіншісі - рухани дүниелерді жаңғырту жұмыстарымен айналысуы керек.