Ол еліміз тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланатын жылы қабылдануымен де құнды. Бұл ойларды Қызылорда облысы Сырдария ауданындағы өнер мектебінің директоры Темір Айсин жеткізді.
"Өзім ғұмыр бойы ұлағатты ұстаздық жолмен келе жатқандықтан Елбасы Жолдауындағы білім саласына қатысты толғақты мәселелерге мүмкіндігінше мән бердім. Елбасымыз үстіміздегі жылы білім саласын дамытуға, ұрпақтарымыздың білімі мен біліктілігін арттыруға ерекше назар аударылатындығын баса айтты. Атап айтқанда, барлық мектептер компьютерлендірілмек, электронды оқуға көшпекпіз. Сондай-ақ кәсіптік-техникалық білім беруге баса көңіл бөлініп, оны бітіруші түлектер жұмыс орындарымен қамтамасыз етілмек. Он екі жылдық білім беруді де жеделдетіп қолға алу қажеттігін баса айтты, - деді ол бізбен арнайы хабарласқанында. - Айтқандай, Елбасымыздың ғылым кандидаттары мен докторларының көбейіп кеткендігі және ғылым сапасы жайлы боямасыз баян етіп, ғылыми кеңестер жұмысының бақылауға алынатынын, қажет болса шаш етектен көбейіп кеткен кейбір ғылыми кеңестердің жұмысына тоқтам салынатынын ескертті. Өте құптарлық мәселе.
Елбасымыз Жолдауында «Балапан» бағдарламасының одан әрі жалғасын табатынын, мемлекеттік және жергілікті бюджеттен оқу ордалары мен балабақшалар жарыса салынатынын мәлімдеді. Ал шілде айынан бастап айлық жалақымыз 30 пайызға өсетінін қалайша қуана қабылдамасқа?!"