Болашақта «Қазақстан барысы» турнирі халықаралық деңгейге шығуы мүмкін

АСТАНА. 4 ақпан. ҚазАқпарат - «Қазақстан барасы» турнирін халықаралық деңгейге көтеру қажет.

Мұндай пікірді бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының орынбасары Елсияр Қанағатов айтты.

Оның айтуынша, қазақ күресінен өтетін жарыстың облыстық, республикалық деңгейде ұйымдастыру жұмыстары жақсылап қолға алынып, жоғары деңгейде өткізіліп келе жатыр. Ендігі кезекте ауылдық және аудандық деңгейдегі іріктеу жарыстарын дамыту қажет.

«Агенттік облыстық басқармаларға, аудандағы бөлімдерге нұсқаулық беріп, осы жарысқа ерекше көңіл бөлу керектігі айтылды. Сондықтан да қанымызға сіңген, еліміз, халқымыз жақсы көретін ұлттық спорт түрінің деңгейі жоғары болуы үшін бәріміз бірігіп жұмыс жасауымыз қажет», - деді ол.

Сондай-ақ, Е. Қанағатовтың айтуынша, «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің бас демеушісі «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ қазақ күресін дамыту бойынша біршама ұсыныстар әзірлеген көрінеді.

«Қазақстан барысын» халықаралық деңгейде өткізу жобасы дайындалып жатыр. Шетелдегі қандастарымыздың арасында өткізу мәселесі де көтерілуде. Неге десеңіз, қазақ күресі тек қана республикалық деңгейде емес, халықаралық деңгейде өткізуге де лайықты спорт түрі. Өздеріңіз білесіздер, біз республикалық федерациялардың арқасында Әлем және Азия чемпионаттарын өткізудеміз. Сондықтан болашақта мұның («Қазақстан барысының» - автор) деңгейін әлі де жоғары деңгейге көтеруге атсалысуымыз керек», - деді Е. Қанағатов.