Облыс әкімі Болат Ақшолақов педагогтерді кәсіби мерекемен құттықтап, олардың еңбегіне, білім беру мен өскелең ұрпақты тәрбиелеуге қосқан үлесіне алғыс айтты.
– Ұстаздық – жай ғана қызмет емес, бұл – ұлы миссия. Елдің болашағы – жас ұрпақтың қолында, ал сол жас буын сіздер берген білім мен тәрбиенің арқасында қалыптасады. Әрине, бұл бағытта мектеп, ата-ана және қоғам болып бірлесіп жұмыс істегенде ғана жақсы нәтижеге жете алатынымызды есте ұстауымыз керек. Соңғы жылдары білім беру ұйымдарының инфрақұрылымын жақсартуға арналған ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Қазіргі заман талабына сай жаңа «Келешек мектептер» салынып, ескі мектептер жөнделу үстінде. Мұның бәрі – оқушыларға сапалы білім беруге жағдай жасау мақсатындағы шаралар. Президент Жолдауында мұғалімдерге жаңа талаптарға сай біліктілік арттыру, жаңа оқыту әдістемелерін меңгеру сияқты маңызды тапсырмалар берілді.
Бұл – қазақстандық білім беру жүйесін әлемдік деңгейге көтеруге бағытталған қадам және ол ұрпақ болашағына тікелей әсер етеді деп ойлаймын. Мереке құтты болсын! Ұстаз — шәкіртімен биік. Талапты, білімді, ойлы оқушылар көп болып, еліміз гүлдене берсін! – деді облыс әкімі.
Президент Жарлығымен бірқатар педагог білім саласын дамытуға қосқан үлесі мен көп жылғы адал еңбегі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды.