«2021 жылдың қорытындысы бойынша мұнай өнімдерін өндіру 12,7 млн тоннаны құрады. Мұнай өнімдерінің негізгі түрлерінен: бензин өндірісі – 4,8 млн тонна, дизель отыны – 4,9 млн тонна, мазут – 2,4 млн тонна және авиакеросин – 586 мың тонна. 2022 жылға арналған жоспар 13,3 млн тонна құрайды. Сондай-ақ Президенттің тапсырмасына сәйкес Энергетика министрлігінің бұйрығымен 180 күн мерзімге мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізуге шекті бағалар мынадай деңгейде белгіленді: АИ-92 маркалы бензин – литріне 182 теңге; АИ-93 маркалы бензин – литріне 182 теңге; АИ-95 маркалы бензин – литріне 215 теңге; дизель отыны (жазғы, маусымаралық) – литріне 230-260 теңге», - деді ол министрліктің кеңейтілген алқа отырысында.
Оның атап өтуінше, Президенттің «Жаңа Қазақстан: жаңарту және жаңғырту жолы» атты Жолдауы аясында шаруаларды жанар-жағармай материалдарының қажетті көлемімен қолайлы баға бойынша қамтамасыз ету жұмыстары жүзеге асырылатын болады.
«Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің көктемгі егіс жұмыстарын уақтылы және тұрақты жүргізуі үшін мұнай өңдеу зауыттарына 1 тоннасына 212 мың теңге бағасымен 400 мың тонна дизель отыны (176 теңге/литр) бөлінді. Жеткізу мен сақтауды ескере отырып, өңірге байланысты болжамды баға ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үшін бөлшек сауда бағасынан орта есеппен 15-30 пайызға төмен», - деген Болат Ақшолақов тәуліктік негізде тиеп-жөнелтуге бақылау мен мониторингті қамтамасыз етуді вице-министр Әсет Мағауовқа тапсырды.