Болат Ақшолақов жүзеге асырылып жатқан ірі газ жобаларын атады

АСТАНА. ҚазАқпарат – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының 2-ші тізбегін салу қажет. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Энергетика министрлігі мен «QazaqGaz» ұлттық компаниясының міндеттерінің бірі – магистральдық газ құбырларының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету. Газ тасымалдау жүйесінің өткізу қуаттарын арттыру мақсатында Қазақгаз бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобаны іске асыруда. Олар: өткізу қабілеті жылына 5,8 млрд тпекше «Бейнеу-Жаңаөзен» магистральдық газ құбырының 2-ші тізбегін салу; өткізу қабілеті жылына 13,1 млрд текше метр «Мақат-Солтүстік Кавказ» магистральдық газ құбырының лупингін салу; құны 96 млрд теңгеге Алматы қаласында 2, 3-ші жылу электр орталықтарын газдандыру бойынша инфрақұрылымдық жобалар», - деді Болат Ақшолақов.

Сондай-ақ ол бюджет қаражаты есебінен биыл жалпы құны шамамен 75 млрд. теңгені құрайтын «Жаңаөзен-Ақтау» магистральдық газ құбырының 4-ші тізбегін және Ақтөбе қаласында 3-ші тізбегін салу басталатындығын айтты.

«Сонымен қатар ағымдағы жылыту кезеңінде елдің оңтүстік және орталық өңірлерін газбен қамтамасыз ететін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» басты газ құбыры жобалық қуаттан артық немесе 106 пайыз жұмыс істейтінін атап өткен жөн. Осыған байланысты елді газбен үздіксіз қамтамасыз ету үшін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының 2-ші тізбегін салу қажет», - деді министр.

Фото: theice.com