Кездесу барысында «Жұмаділ» ЖК өкілі жер дауының салдарынан жол бойындағы кешеннің құрылысы кешеуілдеп тұрғандығын мәлімдеді.
Кәсіпкердің айтуынша, оның Ақсу ауылы маңындағы Қарабай ауылына жақын жердегі жер учаскесін пайдалану құқығын ала алмай жүргеніне жарты жыл болған.
«Барлық қажетті жұмыстар жүргізілді, «ПЭТК» АҚ және «ҚазАвтоЖол» АҚ-мен техникалық шарттар жасалды, - деді кәсіпкер Ринат Ақанов. - Алайда, Ақсу прокуратурасының ұсынысы негізінде Алғабас ауылы әкімінің жерді уақытша пайдалану құқығын беру бұйрығын заңсыз деп тану жөнінде талап берілген» - делінген әкімдіктің баспасөз баянында.
Бұған жауап ретінде өңір әкімі жер мәселесінің шешуге бір апта уақыт берді.
«Егер мәселені шешпей, осылай соза берсеңдер кәсіпкер бұл аралықта басқа өңірге кетіп қалады. Егер кәсіпкер үшін ең қажет жерді бере алмасақ, онда басқа әңгіме қозғаудың керегі жоқ», -деп түйді әкім.
Айта кетейік, үш гектар жерді алып жатқан жер учаскесіне кәсіпкерлер 25 орындық қонақүй, 120 адамға арналған дәмхана-мейрамхана, дүкен, медициналық пункт және монша кешенін салуды жоспарлап отыр. Жобаның жалпы құны 200 миллион теңгені құрайды.