Павлодардың экс-әкімі Болат Бақауовқа шыққан үкімнің күші жойылды

Фото: Фото: pavon.kz

Павлодар облысы прокурорының орынбасары жаңадан ашылған мән-жайға байланысты сотқа жүгінді. Оның айтуынша, Павлодар облысы экс-әкімінің ісінде жаңа деректер белгілі болды, сондықтан істі қайта қарау керек, деп хабарлайды Kazinform облыстық сотқа сілтеме жасап. 

Павлодар облысының әкімі Болат Бақауов 2020 жылы 27 мамырда қалалық № 2 соттың үкімімен ҚР ҚК 361-бабы 4-бөлігі 3-тармағы бойынша сотталған.

Оған ЖШС-іне қосымша есептелген салықты азайту мақсатында лауазымдық өкілеттігін асыра пайдаланды деген айып тағылды. Соның салдарынан аталған ЖШС салық төлемей қойған. 

Сот үкімі шығып кеткеннен кейін арада екі жыл өткенде өңірлік экономикалық тергеу департаментінің тергеушісі 2022 жылғы 22 қазанда қаулы шығарып, қылмыс құрамы болмауына байланысты салық төлемеген ЖШС ісін тоқтатты.

Өйткені сараптама қорытындысы мемкірістер департаменті қызметкерлерінің қосымша салықты қате есептегенін дәлелдеп берген.  

Тергеушінің істі тоқтатуына байланысты Павлодар облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты 2023 жылғы 10 мамырда үкімді заңсыз деп танып, қосымша салық есептеу туралы хабарламаның күші жойылды.

«Осылайша мемлекет мүддесіне айтарлықтай зиян келмеген. Бұл мән-жай үкім шығару кезінде сотқа беймәлім еді. Осыған байланысты сот прокурордың өтінішімен келісіп, ҚПК 505-бабының негізінде үкімнің күшін жойды» дейді соттың баспасөз қызметі. 

Қылмыс құрамының болмауына байланысты қылмыстық іс тоқтатылды.

Қаулы заңды күшіне енген жоқ. 

Еске сала кетейік, Болат Бақауов үш жыл бұрын лауазымын асыра пайдаланды деп айыпталып, шартты жазаға сотталған болатын.