Болат Бопайұлы: Жер сілкінуі - аспаннан келетін құбылыс
АЛМАТЫ. KAZINFORM — Қазақ халқы табиғат тылсымын ерте заманнан-ақ түсініп, оны өзінің тұрмыс-тіршілігіне арқау етіп, қолдана білген. Қысы-жазы далалық өмірде тіршілік еткен халқымыз өздері тұрған өлкенің табиғи ерекшелігі мен құпиясын терең зерттеп білген. Жер сілкінуі - аспаннан келетін құбылыс екенін де дәлелдеп қойған. Бұл туралы агенттік тілшісіне Астролог, этнограф-ғалым, фольклоршы Болат Бопайұлы айтты.
Этнограф-ғалымның айтуынша, жер астындағы тау жыныстарының, кеңдердің, жанартаулардың атқылауы, айналып тұрған жер шарына кедергі келтіреді.
«Міне, сол кезде жер сілкінеді. Мұны қазақ халқы бағзы заманнан бері «жер дүмпуі» деген. Қазақ – астролог халық. 24 амал, 7 белгі, 13, 9 осы асқар тауларды тұрақ, долы өзендерді суат ете жүріп, үлкен, кең шөлді далада көшіп-қонып жүріп, табиғатта болатын апаттарды болжай алған. Өсімдіктерді, аң-құстарды өте жақсы зерттеп, меңгерген. Қазақ халқы жүктерін түйеге басып, көшіп жүрген кезде түйелерді бір-біріне тақап, байлап жетектеген. Міне сол кезде арасындағы бір түйе тартынып қалады. Оны аспандағы бір жұлдыз шертіп қалады екен. Аспан мен жердің тартылысы болған кезде жер сілкінеді дегенді білдірсе керек. Демек, бұл – аспаннан келетін құбылыс. «Аспанды білмей, жерді білмейсің» деген сөз бар қазақта», - дейді ол.
Болат Бопайұлы бүкіл әлем соның ішінде ғылымы дамыған жапондықтар да жер сілкінуін алдын ала мәлімдей алмай отырғанын жеткізді.
«Барлық өзгерісті астрономия, кеңістіктен білген. Сол жұлдыздың шертетін уақыты мен жерін қазір ғылым таба алмай отыр. Сондықтан зілзала аспаннан келеді, көктен келеді дейтініміз сол. Оның қай уақытта, қай сағатта кері айналып келетіні белгісіз. Бірақ, бүгінгі дамыған заманда жер мен ғарышты зерттеуге болады», - деді этнограф.
Ол қазақтың осы тәжірибесін ғылым ретінде зерттеу керек деп есептейді.
«Қазір ғылым, экономика, мәдениет дамыды. Өркениетті елде тұрамыз. Бәріміздің қалтамызда диплом бар. Бақылау орталықтары жұмыс істеп тұр деп қарап отырамыз. Алайда, жер сілкінген кезде бірінші кезекте, қазақтың осы тәжірибесін ғылым ретінде зерттеу керек. Бұл – үлкен дүниетанымдық, философиялық, логикалық, ғылымдық мәні бар дүние. Осыны мойындау керек», - деп түйіндеді сөзін Болат Бопайұлы.