АСТАНА. KAZINFORM - Қазақстандық Болат Сақаев Амманда (86 келі) еркін күрестен Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Иордания астанасы Амман қаласында өтіп жатқан Азия чемпионатында ол финалда ирандық Аболфазл Ясер Рахманиден жеңіліп қалды.
Қазақстандық балуан қарсыласымен белдесуде барынша ұпай қорын молайтуға тырысты. Соған қарамастан ирандық спортшыға 4:11 есебімен есе жіберіп қойды.
Ол екі жыл бұрын Астанада өткен құрлықтық додада 79 келіге дейінгі салмақта топ жарған еді.
Айта кетсек, ел құрамасынан бүгін Нұрқожа Қайпанов (74 келі) Азия чемпионы атанды.
Ал Азамат Дәулетбеков (92 келі) қола медаль үшін күреседі.
Сондай-ақ бүгін Мұхамед Балғабай (61 келі), Нұрсұлтан Садық (65 келі), Нұрсұлтан Азов (125 келі) сайысқа түсті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.