Болат Жәмішев «Қазақстан халқына» қоры неге экологиялық жобаларды қолдамайтынын түсіндірді

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішев БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз конференциясында экологиялық жобаларды қолдауға неге ақша бөлмейтіндерін түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз қандайда бір бағдарламаны қолдау үшін оның игілігін көретін ақырғы бенефициардың кім болатыны түсінікті болуы шарт. Экология десек, бірден Алматы, Теміртау, лас ауа дегендер айтылады. Сонда бізге жылу-электр-орталықтарын газға көшірумен айналысу керек пе? Экологияның қайырымдылық жобасы ретінде құрылымдау мүмкін емес. Оның игілігін көрушілерді нақты топтау қиын», - деді Болат Жәмішев.

Сондай-ақ, аталған шарада қор қызметкерлерінің орташа айлығы қанша екені айтылды.

Әкімшілік шығындар туралы айтсақ, былтырғымен салыстырғанда біз өсіп қалдық. Былтыр 25 адам болса, биыл 47 адам жұмыс істейді. Өткен жыл қалыптасу жылы болды. 25 бағдарламаны бекіттік. Сондықтан адамдар керек болды. Дей тұрғанмен біздің алдымызда әкімшілік шығынды өсірмеу туралы міндет бар. Штат саны ішкі аудит қызметі пайда болуына байланысты да артты - 2 адам алдық. Орташа айлық бойынша былтырғы көрсеткіш түсті. Былтыр орташа айлық көлемі 565 мың теңге болса, биыл 390 мың теңге»,- деді қордың басқарушы директоры София Айсағалиева.