Болгария компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайынбыз – Қасым-Жомарт Тоқаев

Фото: Ақорда

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан-Болгария бизнес форумына екі елдің Мемлекет басшылары қатысады. Бұл туралы Ақордада Болгария Президенті Румен Радевпен келіссөздерден кейінгі бірлескен мәлімдеме барысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтты.

- Елімізге Румен Радевпен бірге Болгарияның ірі кәсіпкерлері келді. Бүгін бизнес форум өтеді. Бірқатар коммерциялық құжатқа қол қойылады. Бизнес форумға біз – екі ел басшылары да қатысатын болдық. Бұл екіжақты ынтымақтастыққа айрықша мән берілетіндігін аңғартады. Біз елімізде жұмыс істегісі келетін Болгария компанияларына қолайлы жағдай жасауға дайынбыз. Мен іскер топтардың ықпалдастығын нығайту үшін Қазақстан-Болгария іскерлік кеңесін құруды ұсындым, - деді Президент.

Сондай-ақ Мемлекет басшысыз мәдени-гуманитарлық, білім беру және өңіраралық байланыс саласындағы ынтымақтастықты дамытуға дпа уағдаласқандықтарын атап өтті. 

- 2018 жылы София қаласында Астана көшесі пайда болды. Енді біз жақын арада елордамызда София атты көшені ашатын болдық.

Жалпы, келіссөздер табысты өтті деуге толық негіз бар. Бүгін бірқатар маңызды құжақа қол қойылды. Жасалған келісімдер нәтижесінде екі елдің ынтымақтастығы жаңа деңгейге көтерілмек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Бұған дейін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радевті қарсы алғанын жазған едік.

Бірлескен мәлімдеме барысында Президент Транскаспий халықаралық көлік дәлізіне Болгарияның Бургас және Варна теңіз порттарын қосу мәселесі қарастырылатынын айтты.