Болгария Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастыққа мүдделі – Румен Радев

Фото: Болгария президентінің баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM - Болгария Президенті Румен Радев Kazinform агенттігіне берген эксклюзивті сұхбатында Орта дәлізге қатысты стратегиялық бастама, Қазақстан мен Болгария ынтымақтастығының болашағы және Орталық Азиямен өзара іс-қимыл салалары жөнінде айтып берді.

- Жақында Болгария Министрлер кеңесі Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту аясында Болгария мен Қазақстан арасындағы өзара түсіністік туралы меморандум жобасын мақұлдады. Осы тұрғыда Болгария мен Қазақстан арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдету қадамдарын қалай бағалайсыз?

- Ресми түрде Транскаспий халықаралық көлік жолы деп аталатын Орта дәліздің жақын болашақта Болгария мен Қазақстан арасындағы байланысты нығайтуға айтарлықтай әлеуеті бар.

Қазақстан, Кавказ және Балқан арқылы Еуропа мен Қытайды байланыстыратын мультимодальды сауда жолы ретінде оның жаһандық геосаяси ландшафт контекстінде маңыздылығы артып келеді.

Қытайдан Ресей арқылы Еуропаға дәстүрлі бағыт саналған Солтүстік дәліздің маңыздылығының төмендеуінен кейін, халықаралық жүк тасымалы балама Орта дәлізге көбірек қайта бағдарланып келеді.

2024 жылы осы бағыт бойынша жүк тасымалдау көлемі 4,5 миллион тоннаға жетті, бұл оның алдындағы жылмен салыстырғанда шамамен 65%-ға және 2021 жылғы көрсеткіштен (586 мың тонна) бірнеше есеге артық.

Болгария мен Түркия арасындағы құрлық жолдарының, сондай-ақ болгарлық Варна мен Бургас порттарын Грузияның Поти портымен жалғайтын Қара теңіз арқылы байланыстың арқасында Қазақстан мен Болгария көлік қарым-қатынасының әлеуеті жоғары. Бұл ретте, Орта дәлізді және оның Балқандағы жалғасын пайдалану арқылы жүк тасымалын айтарлықтай арттыру мүмкіндігі бар.

Осы тұрғыда Орта дәліз - Болгария Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы перспективалық ынтымақтастықты дамытуға ықпал ететін негізгі стратегиялық бастама.

Сонымен қатар оны Болгария арқылы өтетін, Солтүстік Македония, Албания және Италияны байланыстыратын, яғни Адриатика мен Қара теңіздер арасындағы байланысты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқаратын VIII Трансеуропалық көлік дәлізінің жалғасы ретінде қарастыруға болады.

Орта дәліз негізінен қолданыстағы теміржол және порт инфрақұрылымында орналасқан, бірақ оны толық іске асыру үшін одан әрі инвестиция мен даму қажет. Осы бағыттың бойындағы елдер оны Солтүстік және Оңтүстік дәліздерге балама ретінде орнықтыру үшін белсенді қадамдар жасап отыр. Соның ішінде портты, теміржол және автомобиль инфрақұрылымын жаңарту және кеңейту іс-қимылдары қамтылған.

Орта дәліз маңыздылығының артуы біздің елдеріміз арасындағы экономикалық ынтымақтастықты тереңдетуге және сауда байланыстарын кеңейтуге әкелетіні түсінікті. Бұл өз кезегінде дәліздің дамуы мен қызмет етуінде шешуші рөл атқарады. Оның үстіне, бұл бағыт тек көлік дәлізі ғана емес, сонымен қатар одан әрі қарай өсу үшін орасан зор әлеуеті бар энергетикалық және цифрлық дәліз екенін түсіну маңызды.

Фото: Midjourney

Қажет нәтижелерге қол жеткізу үшін қолда бар тетіктердің толық спектрін пайдаланып, мүдделі тараптардың барлығын, яғни мемлекеттік құрылымдардың, сондай-ақ іскерлік топтардың да қатысуын қамтамасыз ету қажет.

Қазақстанға сапарым барысында менімен бірге көлік, логистика, энергетика және ақпараттық технологиялар салаларында жұмыс істейтін жетекші және табысты болгариялық компаниялардың басшылары қамтылған бизнес делегация келді.

Сапар аясында Астанада Болгария мен Қазақстан компаниялары арасында тікелей әрі іскерлік байланыстар орнату алаңына айналатын бизнес-форум өтеді. Бұл шара Орта дәлізді одан әрі ілгерілетуге және елдеріміз арасындағы экономикалық қарым-қатынастарды нығайтуға ықпал етеді.

– Орталық Азия халықаралық аренаға біртұтас аймақ ретінде көбірек шығып келеді. Болгария Қазақстанмен ғана емес, жалпы Орталық Азия елдерімен энергетика немесе білім беру салаларындағы ынтымақтастықты кеңейтуге қаншалықты мүдделі?

- Орталық Азия елдері экологиялық және климаттың өзгеруі мәселелері бойынша ынтымақтастықты кеңейтіп келе жатқаны қуантады.

Сумен қамтамасыз ету мәселесі ең өткір мәселелердің бірі және бүкіл өңірге әсер етеді. Әлемнің көптеген басқа бөліктеріндегі сияқты, Орталық Азия елдері тек ынтымақтастық арқылы ғана нақты нәтижелерге қол жеткізуге болатынын біліп отыр.

Су қала өмірінде, ауыл шаруашылығында және энергетикада басты рөл атқарады. Сонымен қатар, кейінгі жылдардағы жауын-шашынның көп болуы апатты зардаптарға әкелді: жаппай су тасқыны, оның ішінде ауыл шаруашылығына айтарлықтай зиян келтірді.

Осы климаттық өзгерістердің салдарын бірлесіп еңсеру және олардың алдын алу бойынша күш-жігерді біріктіру Орталық Азия елдерінің геосаяси мәселелерде, экономикалық және іскерлік жобаларда, білім беру бағдарламаларында және басқа да салаларда тығыз ынтымақтастығын дамытуға берік негіз болды.

Орта дәліздің тез өсіп келе жатқан геосаяси маңыздылығы күш-жігерді біріктіруге ықпал ететін тағы бір ерекше фактор саналады. Тиісті көлік-логистикалық инфрақұрылымды кеңейту және жаңғырту барлық елдің мүдделеріне жауап береді. Мұндай ынтымақтастықтың пайдасы қазірдің өзінде айқын көрініп тұр.

Атап өткендей, Болгария Орта дәліз арқылы байланыстарды кеңейту мақсатында Орталық Азия мемлекеттерімен ынтымақтастыққа мүдделі. Бұл келешегі зор жаһандық бағдар жүктердің айтарлықтай көлемін тасымалдау үшін жоғары әлеуетке ие.

Ынтымақтастықтың тағы бір маңызды саласы – энергетика. Біз Әзербайжан мен басқа да Кавказ елдерінен Қара теңіз арқылы Шығыс және Орталық Еуропа елдеріне «жасыл» электр энергиясын жеткізу жобасын іске қостық. Осыған ұқсас жоба Болгарияның Орталық Азиямен серіктестігін тереңдету үшін перспективалы бағытқа айналуы мүмкін.

Тағы бір маңызды бағыт – білім беру және еңбек ресурстары саласындағы ынтымақтастық. Әсіресе, бұл мәселе Еуропадағы демографиялық ахуалды ескерсек, өте өзекті. Себебі Еуропа халқы қартайып келеді. Ал Орталық Азия елдерінде Еуропа одағы елдерінде оқығысы келетін немесе жұмысқа орналасуға ниетті жас әрі жігерлі ұрпақ өсіп келеді. Біз осы сала бойынша Өзбекстанмен ынтымақтастықты бастап кеттік.

Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

- Шағын және орта мемлекеттер жаһандық стратегиялық тұрақтылықты қамтамасыз етуде және сыртқы саясатты әртараптандыруда қандай рөл атқаруы керек?

- Бұл өте күрделі сұрақ. Дегенмен, қазіргі геосаяси жағдай шағын және орта мемлекеттердің қалыптасып келе жатқан жаңа халықаралық тәртіпте өз орнын алуы үшін маңызды тепе-теңдік факторы ретінде әрекет етіп, сыртқы саясатқа әралуандылықты енгізу үшін қолайлы жағдай туғызатын сияқты.

Қалыптасу және көпполярлы деңгейге өту сатысында тұрған заманауи әлемдік жүйе шағын және орта елдерге сыртқы саяси мәселелерде өзіндік дербес қадамдарын көрсетуге көбірек мүмкіндіктер береді.

Шағын әрі орта елдерде дербес түрде және аймақтық өзара іс-қимыл аясында ірі державалардың мүдделерімен сәйкес келе бермейтін өз ұстанымдары мен мүдделерін жариялауда мүмкіндігі бар.

- Дүниежүзілік жануарлар саулығы Бас ассамблеясының 92-ші сессиясында Қазақстан мен Болгария Еуропа одағы елдерінен асыл тұқымды сүтті ірі қара малды әкелуге арналған өнеркәсіптік сүт фермаларын дамыту бағдарламасын талқылады. Қазақстанмен осы саладағы ветеринариялық қауіпсіздік және асыл тұқымды малды жеткізудегі логистика бойынша ынтымақтастық қалай дамытылмақ?

– Болгарияның сүтті мал шаруашылығында айтарлықтай тәжірибесі бар. Шығыс Еуропадағы ең ірі сүт фермасы еліміздің аумағында орналасқан. Сонымен қатар, бұл салада жоғары деңгейдегі ғылыми және білім беру мекемелері белсенді жұмыс атқарып жатыр.

Геномдық технологиялар да қарқынды дамып келеді. Осы базаның арқасында Болгария асыл тұқымды мал саласында, технологиялармен және табысты тәжірибемен алмасуда Еуропа тарапынан жетекші серіктес болу мүмкіндігіне ие.

Бұл ретте, ветеринариялық қауіпсіздікке кепілдік беретіндей малды тасымалдауға арналған логистикалық дәліздерді құру байыпты да мақсатты жұмысты талап етеді. Осы жағдай іскерлік әріптестік орнатуда да, ведомствоаралық өзара әрекеттесуде де ынтымақтастықтың маңыздылығын көрсетеді.

- Брюссель ресми түрде Болгарияның 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап еуроға өтуін мақұлдады. Еуроаймаққа кіруден қандай маңызды экономикалық және әлеуметтік өзгерістер күтесіз? Болгария бұл қадамға байланысты ықтимал тәуекелдерді қалай еңсереді?

– Болгария Еуропа одағына кіргеннен бері бірнеше үкімет Еуроаймаққа (бірыңғай валюта) қосылуды мақсат етіп қойды, бұл да ЕО-ға қосылу туралы шартта бекітілген елдің міндеттемесі.

Орта және ұзақ мерзімді перспективада Еуроаймаққа қосылу Болгария экономикасына айтарлықтай пайда әкеледі. Еуроны пайдалану экономиканың тұрақтылығы мен қаржы интеграциясына ықпал етіп, шетелдік инвестицияларды көбірек тартуға және жаңа сауда мүмкіндіктерін ашуға тиіс.

Дегенмен, Еуроаймаққа қосылу Болгарияның әрбір азаматына әсер ететінін есте ұстаған жөн. ЕО жүргізген соңғы Eurobarometer сауалнамасы болгарлардың 50 пайызы осы кезеңде еуроны қабылдауға қарсы екенін, ал 43 пайызы бұл қадамды қолдайтынын көрсетті. Еуроның енгізілуі Еуроаймаққа қосылған кейбір елдердегі сияқты бағаның өсуіне әкелуі мүмкін деген қауіп бар.

Сондықтан бұл ауқымды трансформацияны сәтті жүзеге асыру үшін қоғамның қолдауы өте қажет.

Сонымен қатар, жауапты институттар жағына маңызды әрі нақты бейілділігі болған жағдайда алдағы мақсатқа қол жеткізуге болады.

Еуроны қабылдаудың әлеуметтік-экономикалық салдарын мұқият талдау, сондай-ақ тиісті институционалдық шаралар өте маңызды және Болгария азаматтары осыған үміт артып отыр.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ақордада елімізге ресми сапармен келген Болгария Президенті Румен Радевті қарсы алды.