Болгария Путин ұшағына әуе дәлізін беруге дайын

Фото: Pixabay

АСТАНА.KAZINFORM — Болгария АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесу үшін Будапештке бара жатқан Ресей президенті Владимир Путиннің ұшағына әуе кеңістігін беруге дайын, деп хабарлайды ТАСС

Бұл туралы Болгарияның Сыртқы істер министрі Георг Георгиев Болгария ұлттық радиосынан мәлімдеді.

— Бейбітшілікке қол жеткізу үшін күш-жігер жұмсалып жатқанда, осы мақсатқа жету үшін барлық қажетті жағдайды жасау қисынды, — деді елдің Сыртқы істер министрі.

 Әуе дәлізін беру мүмкіндігі туралы да ойын айтты.

— Егер оған қатысушылардың бірі келе алмай қалса, жиналыс қалай өтеді? — деді ол әуе дәлізін беру мүмкіндігі туралы келесі сұраққа жауап бере отырып.

Естеріңізге сала кетейік, 16 қазанда Трамп Путинмен телефон арқылы сөйлескеннен кейін Будапештте кездесуге келіскендерін мәлімдеген. Ресей президентінің көмекшісі Юрий Ушаков та Мәскеу мен Вашингтонның Венгрия астанасында өтетін екі көшбасшының жаңа кездесуіне дайындықты «кідіріссіз» бастайтынын мәлімдеді.

Украина президенті Владимир Зеленский NBC News арнасына берген эксклюзивті сұхбатында Дональд Трамп пен Владимир Путиннің Будапешттегі кездесуіне қосылуға дайын екенін растап, «әділ және ұзақ бейбітшілік» тек жанжалға қатысушы барлық тараптың қатысуымен ғана мүмкін болатынын айтты.

Зеленскийдің бастамасы АҚШ Мемлекеттік хатшысы Марко Рубионы қоса алғанда, жоғары лауазымды кеңесшілердің кездесуімен басталатын Украина бойынша келіссөздердің екінші раундына дайындық туралы хабарламалар тұсында көтерілді.