Сомали туын көтерген BETUL 8 жүк кемесі Болгария жағалауына жақын Қара теңізде дрондар шабуылынан кейін аударылып кетті. Экипаж түгел құтқарылды. Теңізшілердің ешқайсысы ауыр жарақат алмаған, алайда қатты тоңып қалған. Бұл туралы Софиядағы Көлік министрлігі мәлімдеді.
Мысырға астық тасымалдаған кеменің 12 теңізшісі құтқарылды
Құтқару операциясына Болгарияның екі, Румыния мен Түркияның бір-бір кемесі қатысып, экипаждың 12 мүшесін аман алып қалды. Олардың сегізі – Түркия, төртеуі –Әзербайжан азаматтары. Айта кетейік, BETUL 8 кемесі Румынияның Тулча портынан Мысырға 3 мың тонна бидай тасымалдап бара жатқан.
DW мәліметінше, кемеге дрондар шабуыл жасағаны туралы ресми ақпарат жоқ. Дегенмен құтқарылған теңізшілер Варна қаласында журналистерге кемеге екі теңіз дроны шабуыл жасағанын айтқан. Осы оқиғадан кейін кеме Калиакра мүйісінен оңтүстік-шығысқа қарай шамамен 75 шақырым жерде апат дабылын берген.
Еске сала кетейік, бұған дейін Кипр жағалауында кеме суға батып, 10 теңізші құтқарылғаны хабарланған болатын.