Екі ірі жол апаты Болгарияның Ямбол облысындағы Зимница ауылының маңында, «Тракия» автомагистралінде болды. Қалың тұман салдарынан ондаған жеңіл және жүк көлігі соқтығысқан.
Ямбол облысының губернаторы Георгий Чалаковтың айтуынша, жол апаты туралы алғашқы хабар жергілікті уақыт бойынша сағат 07:10-да түскен.
Көршілес Сливен облысының губернаторы Михаил Кашеров 70-тен астам көлік жол апатына ұшырағанын хабарлады.
Болгария үкіметінің кейінгі мәліметі бойынша, екі жол апатынан 12 адам қаза тауып, тағы 48 адам жарақат алған.
Бұған дейін елдің Денсаулық сақтау министрі Катя Ивкова 11 адамның көз жұмғанын хабарлаған еді. Оның онын оқиға орнында, біреуін ауруханада аман алып қалу мүмкін болмаған.
Зардап шеккендер Ямбол, Сливен және Бургас облыстарындағы медициналық мекемелерге жеткізілді.
Георгий Чалаковтың айтуынша, құтқарушылар зардап шеккендерге жету үшін жол қоршауларының бір бөлігін алып тастауға мәжбүр болған. Ал қалың тұманға байланысты адамдарды эвакуациялау үшін тікұшақ тарту мүмкін болмады.
Билік өкілдерінің мәліметінше, шығыс бағыттағы жолақта болған алғашқы апатқа қалың тұман салдарынан көріну деңгейінің төмендеуі себеп болған.
Екінші жол апаты Софияға қарай бағытталған қарсы жолақта болды. Болгарияның BTA телеграф агенттігі шенеуніктердің біріне сілтеме жасап хабарлауынша, апатқа жүргізушілердің алғашқы жол апатына назар аударуы себеп болған.
Еске салайық, бұған дейін Испаниядағы пойыз апатынан қаза тапқан 56 адамның аты-жөні анықталғанын хабарлаған едік.