Болгарияда израильдік туристер мінген автобусты жарып жіберді

АСТАНА. 19 шілде. ҚазАқпарат - Болгарияда израильдік туристер мінген автобус жарылды, 3 адам қаза тапты, деп хабарлады болгар полициясына сілтеме жасай отырып Reuters агенттігі.

Жарылыс18 шілде күні кешке қарай Бургас қаласының маңында орналасқан әуежай жанында орын алды.

Айта кетейік, бұған дейін БГНЕС ақпараттық агенттігі 5 адамның құрбан болғаны жайлы хабар таратқан болатын. Agence France-Presse таратқан мәліметтерге қарағанда, кем дегенде 20 адам жарақат алды. Болгарияның ІІМ бұл жарылысты теракт деп атады.

Израиль Премьер-Министрінің өкілі Офир Гендельман айтып өткендей, автобусты жан-жақтан атып, жарылғыш құрылғысын лақтырып жіберген. Куәгерлердің айтуынша, жарылыс автобусқа белгісіз бір адам кіргенінен кейін болған.

Автобуста Израильден келген 40 турист болған. Жарылыстың салдарынан Бургас әуежайындағы 3 автобус өртеніп кетті.