Болгарияда президент сайлауы өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Сайлауға 27 кандидат қатысып жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігі АЗЕРТАДЖ-ға сілтеме жасап.

Фото: Kazinform/ЖИ

25 қазанда Болгарияда президент сайлауында дауыс беру басталды.

Ел бойынша сайлау учаскелері жергілікті уақыт бойынша сағат 07:00–де ашылды. Мемлекет басшысы лауазымына 27 кандидат үміткер болып отыр.

Дауыс беру үшін 12 мыңнан астам сайлау учаскесі ұйымдастырылды. Болгарияда шамамен 6,6 миллион азамат дауыс бере алады.

Шетелде тұратын Болгария азаматтары да сайлауға қатыса алады. Олар үшін 60 мемлекетте сайлау учаскесі ашылды.

Дауыс беру жергілікті уақыт бойынша сағат 20:00–ге дейін жалғасады.

Сайлаудың ресми қорытындысын 27 қазанда жариялау жоспарланған.

Бұған дейін қажет болған жағдайда президент сайлауының екінші кезеңі 1 қарашада өтетінін жазған едік. Болгария Конституциясына сәйкес, кандидаттардың ешқайсысы қажетті дауыс санын жинай алмаса, жеті күн ішінде қайта дауыс беру өткізіледі. Оған сайлаушылардың ең көп қолдауына ие болған екі кандидат қатысады.

Еске салайық, биыл мамырда Болгарияның Халық жиналысы «Прогрессивті Болгария» коалициясының жетекшісі Румен Радевті елдің премьер-министрі етіп бекітті.