Болгарияда тұрғындарымен қоса ауыл сатылмақ

АСТАНА. ҚазАқпарат - Болгариялық тегін жарнамалар сайтында Видинск облысының Черно поле ауылын тұрғындарымен қоса сату туралы ұсыныс шықты. Жарнама сайтқа кірушілердің қызығушылығын арттырғаны соншалық, оны жариялаған сәттен бастап 48 сағат ішінде 6 мыңнан астам оқыған.

Жарнама мәтінінде ауыл «жергілікті қараторы тұрғындарымен бірге» сатылады делінген. Алайда «мықты қол» келсе, ауылды тәртіпке келтіріп, «сандалбайларды» жұмыс істеуге мәжбүрлеуге болады, деп хабарлады rosbalt.ru.

«Ауыл өте көрікті әрі үлкен. Үш ауданға бөлінген, іргелес жерлері де кең. Ұсыныс «еріккендерге» арналмаған, ал бағасы орынды көргеннен кейін айқындалады», - делінген ауыл суреті қойылған жарнама мәтінінде.

Журналистер қоңырау шалғаннан кейін ғана құлағдар болған ауыл басшысы Тодор Тодоров сатып алушылар табылмайтынына сенімді. «Ешкім сатып алмайды», - деді ол миығынан күліп.