Болгариялық инвестор Алматыда жел генераторын шығаратын зауыт салмақшы

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат – ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Алматы қаласында қазақстандық ғалымдар әзірлеген жоба бойынша жел генераторларының зауыты салынатынын мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Үш жылдық бағдарламаның нәтижесінде шыққан екі қызық жоба бар. Оның біріншісін «Tree Energy» деген конструкторлық бюро іске асырады. Бұл ненің көрінісі? Бізге бизнес өз идеясымен келді. Жел стансаларына қажет генераторларды өндіріске шығармақшы. Біздің ғылыми гранттың нәтижесінде бұл инженерлік-конструкторлық шешім толыққанды өмірге келіп, сатылымға шығып, үлкен инвестициялар тартуда. Болгарияның үлкен инвесторы келіп 57 млн еуроның келісімшартына қол қойды», - деді ол Үкімет отырысында.

Оның айтуынша, зауыт Алматы қаласында ашылмақ.

«Яғни, бизнес бізге идеясымен келіп, ғылыми грант арқасында өндіріске толық шығып отыр. Екінші үлгі одан да жақсы. Бұл да бір іргелі зерттеу болған. Осыдан 7 жыл бұрын микробиология және вирусология орталығының іргелі зерттеуі болатын. Біз оны қолданбалы зерттеуге бағыттап, өндіріске коммерциялап шығардық. Яғни толық бір циклдің үлгісі деуге болады. Қазіргі таңда бірнеше миллиард теңгелік сатылымдары бар», - деді министр.


Соңғы жаңалықтар