Болгарияның экс-президенті парламенттік сайлауға қатысатынын растады

Фото: Anadolu Ajansi

АСТАНА. KAZINFORM – Болгарияның бұрынғы президенті Румен Радев мерзімінен бұрын өтетін парламенттік сайлауға қатысатынын, алайда саяси қозғалысын сайлаудан кейін құратынын мәлімдеді. Бұл туралы ол мемлекет басшысы қызметінен кеткеннен кейін Болгария ұлттық телеарнасына берген алғашқы телевизиялық сұхбатында айтты, деп хабарлайды ТАСС.

«Партияны сайлаудан кейін құрамын, себебі қазіргі жағдайда мерзімінен бұрын өтетін сайлауға қатыса алатын партия құру мүмкін емес. Ол үшін кемінде үш ай уақыт қажет, ал қазір бізде ондай мүмкіндік жоқ. Сондықтан сайлауға қатысу үшін өзге тетіктер пайдаланылады. Дегенмен партия міндетті түрде құрылады. Мен нақты саясатқа осы мақсатпен келдім», – деді экс-президент.

Сарапшылардың бағалауынша, оның Болгария премьер-министрі атану мүмкіндігі жоғары.

Оның айтуынша, басты мақсат – Болгарияны еркін, демократиялық әрі заманауи еуропалық мемлекет ретінде дамыту.

«Бұл үшін елді басқарудың қазіргі моделін жойып, мемлекеттілікті нығайту қажет», – деп атап өтті ол.

19 қаңтарда, мемлекет басшысы ретінде алғаш ант қабылдағанына тоғыз жыл толған күні Радев ұлтқа үндеу жасап, отставкаға кететінін және жақтастарымен бірге мерзімінен бұрын өтетін парламенттік сайлауға қатысатынын хабарлаған. Бұл сайлау парламенттегі партиялардың жаңа үкімет құру жөнінде келісімге келе алмауынан кейін өткізілуі тиіс болды.

Радевтің сайлауға қатысу туралы шешімі болгар саяси ортасында қызу талқылау тудырды. Көптеген сарапшылар экс-президенттің қатысуы сайлаушылардың қызығушылығын арттырып, елді дағдарыстан шығара алатын жаңа парламенттік көпшілік қалыптастыруға ықпал етуі мүмкін деген пікір білдірді.

Соңғы бес жыл ішінде Болгарияда сайлау сегізінші рет өткізілмек. Оның күнін президент Илияна Йотова парламентте ұсынылған партиялармен кеңес өткізгеннен кейін, техникалық үкіметтің министрлері мен премьер-министрін тағайындау арқылы анықтайды. Премьер-министр лауазымына бес кандидат үміткер болып отыр.