Болгарияның жаңа үкіметі ант қабылдады, елде мерзімінен бұрын өтетін сайлау күні белгіленді

Фото: Фото: euronews.com

АСТАНА. KAZINFORM – Болгарияның жаңа уақытша үкіметі ант қабылдап, жұмысын бастады. Ел президенті Румен Радев премьер-министрдің міндетін атқарушы Димитар Главчев басқаратын Министрлер кабинетінің құрамын бекітіп, мерзімінен бұрын өтетін сайлау мерзімін белгіледі – бұл үш жылдағы жетінші сайлау, деп хабарлайды Euronews.

Сайлау 27 қазанда өтеді және Болгарияны бұрынғы сайлаулардағы дауыс берушілердің қатысуының төмен көрсеткіші, басқарушы коалициялардың ыдырауына және үкіметтік көпшілікті құрудағы бірқатар сәтсіз әрекеттерге байланысты туындаған саяси дағдарыстан шығаруды көздейді.

Өткен аптада президент Горица Гринчарова-Кожарева басқаратын техникалық үкіметті тағайындау туралы жарлыққа қол қоюдан бас тартып, ішкі істер министрі қызметіне Калин Стояновтың кандидатурасымен келіспеді.

«Сайлаушылардың қатысуы төмен болған кезде, сайлаудың тұтастығы өте маңызды. Сондықтан мен біздің басымдығымыз парақорлықпен және дауыс беруді бұрмалаумен күресу екенін атап өтемін», - деді Болгария президенті Румен Радев.

Бұдан бөлек, Болгария елдегі Еурокомиссардың кандидатурасын анықтауы тиіс. Мерзім жұма күні аяқталады.

Маусымдағы парламенттік сайлауда жеңіске жеткен, бірақ 240 орындық Халық ассамблеясында бар болғаны 68 орынға ие болған орталық-оңшыл ГЕРБ партиясы бұрынғы сыртқы істер министрі Екатерина Захариеваның кандидатурасын ұсынды.

Сондай-ақ Болгариядан Еурокомиссар лауазымына Еуропалық социалистер партиясының бұрынғы төрағасы Сергей Станишев пен қазіргі білім жөніндегі комиссары Илиана Иванова да таласуда, оны Урсула фон дер Ляйен мен Еуроомиссия қолдап отыр.