08:23, 10 Сәуір 2009
Боливия Президенті парламентке қасарысып аштық жариялады
ЛА-ПАС. Сәуірдің 10-ы. ҚазАқпарат – Боливия Президенті Эво Моралес желтоқсан айына белгіленген сайлаудың нақты мерзімін мақұлдауды кешеуілдетіп отырған Конгрестің әрекетіне наразылық ретінде бейсенбі күні аштық жариялады,
деп хабарлайды ҚазАқпарат ВВС телекомпаниясына сілтеме жасап. Ел парламентінде көпшілік дауысқа оппозиция ие, егер парламентшілер жаңа заңды бекіте алмаса, мерзімінен бұрын сайлаудың өткізілуі екіталай. Конгресс мүшелері шетелдерде тұратын боливиялықтардың сайлауға қатысуларына қатысты келісімге келе алмай отыр. Оған қоса, парламентшілер заң шығару органында елдің байырғы халқының өкілдеріне қанша орын берілу керектігін де шеше алмауда. Э.Моралес президенттік билікке 2006 жылы келді. Екінші мерзімге сайлауға түспек ниетін жариялаған ол, оппозиция оған кедергі болу үшін, сайлаудың нақты мерзімін белгілеуді қасақана кешеуілдетіп отыр, деген пікірін білдірді.