Боливия су тасқыны мен көшкінге байланысты төтенше жағдай жариялады
АСТАНА. KAZINFORM — Боливия билігі нөсер жауын салдарынан болған су тасқыны мен көшкінге байланысты төтенше жағдай жариялады, деп хабарлайды Анадолы.
Боливия президенті Луис Арсе 2024 жылдың қарашасынан бері табиғи апаттар салдарынан 51 адам қаза тауып, 378 885 отбасы зардап шеккенін айтты. Мемлекет басшысының айтуынша, төтенше жағдайдың енгізілуі зардап шеккен аймақтарға техникалық, логистикалық және қаржылық ресурстарды тез арада жеткізуге мүмкіндік береді.
Мемлекет басшысы елдің 9 облысындағы 209 қалаға елеулі материалдық шығын келгенін атап өтті. Апат зардаптарын жоюға 4 мыңнан астам адам жұмылдырылып, зардап шеккен аймақтарға 234 тонна гуманитарлық көмек жеткізілді.
Жергілікті ақпарат құралдары Боливия астанасы Ла-Паста бірнеше ай бойы толассыз жауған жауын-шашын салдарынан бірнеше үй қирап қалғанын хабарлады.
Бұған қоса, өткен аптада Боливия Сенаты табиғи апаттарға, соның ішінде қатты жаңбыр мен су тасқынына көмектесу үшін Латын Америкасы мен Кариб бассейні даму банкінен 75 миллион доллар (шамамен 520 миллион боливиано) бөлінуін мақұлдады.
Бұған дейін Боливияда нөсер жауын салдарынан 16 адам мерт болғанын жазған едік.