Болмановтар отбасы қызды болды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Болмановтар отбасында қыз бала дүниеге келді. Осы жаңалықпен отағасы - Қыдырәлі Болманов өзінің Instagram желісіндегі парақшасында бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Сүйінші, - Қазақ Елі! Жүрегім қуанышқа толып, Алла бере салған бақыттың «іңгәсін»естіп, кішкене абдырап, түс көріп жатқан жоқпын ба десем, ояумын, қызық та қуанышты, өң мен түс араласып кеткендей, бақыттың «нокдауннан» есеңгіреп қалғандай, ғажап бір халдемін... Бәріңізбен бөліскім келеді ! Қазақтың шексіз ұлы даласына жар салып,айқайлағым келеді! Сіздерге де осындай шексіз бақыт тілеймін! Жүрегiн иман нұрымен нұрландырып, өзін де, мінезін де көркімен, ұзақ ғұмырымен, баянды Бақытымен, өзінің сүйікті құлдарының қатарынан етіп, екі өмірдің абыройын нәсіп еткей! Барлық періште-сәбилерге де тілегім осылай», - деп жазды Болманов өзінің түнгі жазбасында.

Айта кетейік, наурыз айында жастармен болған кездесуде Қарақат Әбілдина сұрақтарға жауап бере отырып, мамыр айында бесінші балаға босанатынын жеткізген . «Менің анам 16 құрсақ көтерген. Көзіміз тіріміз аз қалдық. Дегенмен, көпбалалы отбасында ауылда өстім. Анам өтеқ арапайым жан, ер азаматының жағдайын жасап, үйдің берекесін келтіріп отырған. Анам өмір бойы қызмет істемесе де, ерінің қас қабағына қарап, бала-шағасын бағып-қақты. Әкем ел басқарған абыройлы азамат болды. Алтын тойларына жетпей қалып, он жыл бұрын дүниеден озды. Қазір немересі мен шөбересінің санынан шатастық. Құдайға шүкір, бармыз», - дейді Қарақат Әбілдина.
Бүгінде Болмановтар отбасында төрт ұл бар. Олар - Бекболат, Иманәлі, Нұрәли мен Айсұлтан.