Бөлшек саудадағы ең көп үлес Алматы қаласының еншісінде болып отыр

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2015 жылғы қаңтар-ақпанда бөлшек сауда көлемі өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда 3,9 пайызға жоғарылап, 857,2 млрд. теңгеге жетті.

Бұл ретте бөлшек саудададығы аса жоғары үлес республика бойынша Алматы қаласына тиесілі болып табылады.

ҚР Ұлттық экономика министрлігі Статистика комитетінің мәліметіне қарағанда, есепті кезеңде, сауда кәсіпорындары арқылы тауарларды өткізу көлемі 2014 жылғы қаңтар-ақпанға қарағанда 470,6 млрд. теңгені құрап, нақты мәндегі көрсеткіш 2,2 пайызға артқан. Сонымен қатар, 2015 жылғы қаңтар-ақпанда базарлармен және жеке кәсіпкерлермен сауда көлемі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,1 пайызға жоғарылаған. Аталған өткізу арнасының үлесі бөлшек сауданың жалпы көлемінде 45,1 пайызды құрады.

Бұдан бөлек, комитеттің мәліметіне қарағанда, бөлшек сауда құрылымында азық-түлік емес тауарлар басым болып, бұл бөлшек сауданың жалпы көлемінде 65,8 пайызды құрады. Ал азық-түлік емес тауарлардың бөлшек саудада өткізілуі өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 6,2 пайызға артып, азық-түлік тауарлары 0,8 пайызға төмендеген.

Бөлшек сауданың жалпы көлеміндегі аса жоғары үлес салмағы 2015 жылы қаңтар-ақпанда республика бо йынша Алматы қаласына (29,6 пайыз), Астана қаласы (10,8 пайыз) және Қарағанды облысына (10,3 пайыз) тиесілі болған.