Болжамға сәйкес биыл 22 млн. тонна астық бастырылады - АШМ

АСТАНА. ҚазАқарат - Бүгін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі Ақмола облысына баспасөз саяхатын ұйымдастырды, деп хабарлады аталған ведомствоның баспасөз қызметінен.

Шара барысында 2016 жылдың егін жинау науқаны көрсетіліп, ҚР Ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Қайрат Айтуғанов сөз сөйледі.

«Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алқабы шамамен 21,7 млн. гектарды құрады. Бұл өткен жылғы көлемнен 445,1 мың гектарға артық. Жалпы егіс алқаптарының өлшемінде дәнді дақылдардың үлесі  15,4 млн. га, майлы дақылдар  2,0 млн. га, бақшалық өнімдер мен картоп  426,7 млн. га», - деп атап өтті Қ.Айтуғанов.

Оның айтуынша, қант қызылшасы 12,9 мың га, мақта 109,6 мың га аумаққа егілген. Бүгінде еліміздің барлық аймағында жаппай егін ору науқаны жүріп жатыр. Айталық, 15 қыркүйектегі жағдай бойынша 9667,1 мың га алқап орылып, 14,4 млн. тонна өнім бастырылды.

Еліміздің астықты облыстарында (Қостанай облысы, Ақмола облысы, СҚО) 7 млн. гектардан аса аумақ орылды және де жинау науқаны жалғастырылуда.

Қазіргі таңда ауылшаруашылығы өндірушілері 290,4 мың тонна жанар-жағармайды пайдалануда. Жалпылай алғанда, күздік астық бастыру жұмыстарына 391,6 мың тонна жанар-жағармай жұмсау жоспарланған.

«ҚазАгро» холдингінің несие ресурстарына 2016 жылы 6,8 млн. гектар  алаңда көктемгі егіс және жинау жұмыстары жүргізілді. Бұл осы жылы республикадағы барлық өңделген алаңның шамамен жартысына жуығы. Аграрларға қаржылай қолдау 60 млрд. теңге көлеміндегі бюджеттік несие есебінен, сондай-ақ «ҚазАгро» ұлттық холдингінің бюджеттен тыс көздерінің есебінен көрсетіледі. Осы уақытқа дейін холдинг республиканың ауылшаруашылығы тауарын өндірушілерді 85,4  млрд. теңгеге қаржыландырды.  Несиелеуден басқа ауыл шаруашылығының лизингі сияқты құрал белсенді іске қосылған. Бұл бағдарлама аясында ағымдағы жылы фермерлер жалпы 31,6 млрд. теңге сомасына 1,7 мың бірліктен астам техника сатып алды.

«Биылғы жылғы қолайлы ауа-райы егіннің бітік шығуына әсер етті. Алдын ала болжам  бойынша, жалпы ауыл шаруашылығы дақылдарының жиын-терімі 22 млн. тоннадан асуға тиіс», - делінген хабарламада.

Сонымен қатар министрлік  «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының астықты сатып алу бағаларын да жария еткен. Оған сәйкес, компанияның коммерциялық ресурстары келесідей бағаларды белгілеп отыр: 3 сұрыпты бидайдың бір тоннасы 41 000 теңгеден 50 000 теңгеге, 4 сұрыпты 34 000 теңгеден 36 000 теңгеге дейін, 5 сұрыпты 30 000 теңге, ал арпаның 2 сұрыптысы 25 000 теңге.

Айта кетерлігі, ағымдағы жылы Азық-түлік келісімшарт корпорациясы бидайды сатып алудың құнын өнімнің сапасына қарай белгілейді.