Бомба қойылды деп жалған хабар берген қарағандылық мұғалімінің жаза мерзімі қысқартылды

None
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Қарағанды облысы Абай аудандық соты  Қарағандыдағы Орталық әмбебап дүкенге жарылғыш зат қойылғандығы туралы полицияға хабарласып, жалған хабар берген физика пәнінің мұғалімі Юрий Пактың жаза мерзімінің 4/1 бөлігін қысқартты, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Судья Гүлнара Миханова Юрий Пактың «ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай рақымшылық жасау туралы» Заңын қолдану туралы өтінішін қанағаттандырды.

«Судья  159/18 түзету мекемесінің әкімшілігінен сотталушы Юрий Пактың  жазасын қысқарту туралы өтінішін қанағаттандырды. Осылайша, ҚР «Рақымшылық туралы» Заңы қолданысқа енгізілген күннен бастап оның өтелмеген жаза мерзімінің 4/1 бөлігі, яғни 5 ай 12 күнге қысқартылды», - деп түсіндірді Қарағанды облысы Абай аудандық сотының судьясы, БАҚ-пен жұмыс жөніндегі үйлестіруші Ардақ Жұмашев.

Еске сала кетсек, 3 қазан күні сот үкімімен Юрий Пак террористік акт туралы көрінеу жалған хабар тарату бойынша сотталды. Оған жалпы режімдегі түзету мекемесінде екі жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Тергеудің анықтауынша, физика пәнінің мұғалімі полицияға Қарағандыдағы сауда орталығы ғимаратына жарылғыш заттың қойылғандығын хабарлаған. Алайда, педагогтың өзі бұл іске қатысы жоқтығын айтты.

Юрий Пак ісі үлкен қоғамдық резонанс  тудырды. Оның айыпсыз екеніне сенімді қазақстандықтар жалған лаңкестік үшін екі жылға  сотталған қарағандылық мұғалімге қолдау білдіріп, петицияға қол қой ды. Онда жазалау үкімі шыққан физика пәнінің оқытушысы Юрий Пактің ісін қайта қарау сұралған. Алайда, Қарағанды облыстық сотының сот алқасы мұғалімге шығарылған үкімді өзгеріссіз қалдырды .