БАҚ хабарлауынша, белгісіз біреулер мұражай сөрелерін ашып, ең құнды үлгілерді ұрлап кеткен. Бонн университетінің профессоры Мартин Лангердің хабарлауынша, ұрланған қазба қалдықтарының көбінің құны 10 мың еуродан асады.
Қаскүнемдер барлығы 25 көрме сөресіне зақым келтірді: 15-інің әйнегі сынған, ал 10-ы ашылған. Бұл ретте полиция кіреберіс есіктерде бұзып ашу белгілерін тапқан жоқ. Ұрылардың ондаған келі экспонаттарды қалай жасырын түрде алып кеткені белгісіз.
Ұрлық Бонн университетінің Геологиялық ғылымдар институтында жөндеу жұмыстары аяқталған соң анықталды. Ғимарат 2023 жылдың желтоқсанынан 2026 жылдың шілдесіне дейін жөнделді. Ал осы уақыт ішінде көрме сөрелері ағаш құрылыммен жабылған. Мұражай қызметкерлері ұрлықты ағаш құрылымдарды бөлшектегеннен кейін анықтады.
Университеттің полицияға шағымынан кейін куәгерлерден түсінік алынды, оларды қазіргі уақытта құқық қорғау органдары тексеріп жатыр. Мұражай басшылығы ұрланған қазбалар кейіннен мамандандырылған көрмелер мен базарларда пайда болуы мүмкін екенін ескере отырып, шетелдегі әріптестеріне де хабарлады.
Университет ұрланған заттардың фотосуреттерін жариялап, адамдарды интернетте, әлеуметтік желілерде немесе қазба жәрмеңкелерінде күдікті ұсыныстар туралы полицияға хабарлауға шақырды.
Бұл ретте мұражайдың ең танымал экспонаттарының кейбірін сақтау мүмкін болды. Алғашқы құс, көне жылқы және әлемдегі ең үлкен теңіз шаянының түпнұсқалары бұрын көшірмелер мен құймалармен ауыстырылған болатын. Қылмыскерлер олардың көшірмелерін ұрлап кеткен.
Еске сала кетсек, бұған дейін Париждегі Луврге ұры түсіп, Напалеон әшекейлері қолды болғанын хабарлаған едік.
Ұрланған заттардың арасында француз патшайымдары мен императрицаларына тиесілі зергерлік бұйымдар бар. Зергерлік бұйымдардың жалпы құны 88 млн еуроға бағаланды.