Боран салдарынан Алматы-Өскемен күре жолы жабылды
19:48, 09 Желтоқсан 2016
АСТАНА. ҚазАқпарат - «Казахавтодор» мекемесінің хабарлауынша, қатты боран салдарынан Алматы-Өскемен күре жолының 977-1048 шақырымындағы жол учаскесінде көліктің барлық түрі үшін жол қозғалысы жабылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Сонымен қатар, бүгін сағат 16.40-тан бері республикалық маңызы бар Омск-Майқапшағай жолының 587-756 шақырымындағы учаскесі де көліктің барлық түрі үшін жабық екені хабарланды.
«Казахавтодор» мекемесінің ақпаратына сүйенсек, Өскемен-Шемонайха-РФ шекарасы жолында рейстегі автобустар, жүк көліктері мен тіркемесі бар жүк көліктері үшін қозғалыс шектелген.
Қазгидрометтің хабарлауынша, 10 желтоқсан күні Шығыс Қазақстан облысында тұман түсіп, секундына 15-20 метр жылдамдықпен жел соғады. Айта кетейік, ауа райының қолайсыздығына байланысты бүгін Ақмола облысында, «Астана-Ерейментау-Шідерті» тас жолында және Астана қаласынан бастап, Павлодар облысының аумағына дейінгі жолдар жабылған болатын.