ОРАЛ. 12 наурыз. ҚазАқпарат - БҚО Шыңғырлау ауданы Полтава ауылдық округінің тұрғындары, ерлі-зайыптылар Ерлан мен Сәуле Лесовтер боранда далада түнеп шықты.
Олар 7 наурыз күні ауылдан 20 шақырым жердегі мал қыстағына бару үшін түс ауа ат шанамен жолға шығады. Олар ауылдан ұзай бергенде жайлап басталған борасын күшті боранға айналады. Ауылдан 10-12 шақырымға жуық қашықтыққа ұзағаннан кейін жолды одан әрі жалғастырмауды шешіп, ат жолды өзі табар деген үмітпен ауылға бұрылады. Бірақ ақтүтек бораннан ел көрінбеді. Ерлі-зайыптылар осы кезде қарды тереңдеп қазып, пана жасауды шешеді. Олар өздерімен алып шыққан екі тұлыпты жамылып, қарлы боран астында далада түнеп шығады.
Ертеңіне оларды қарда жүретін машинамен іздеп шыққан шаруа қожалығының басшысы Мұса Намиев пен Наиль Бекетеев Лесовтер отбасын дін аман тапты.
Батыс Қазақстанда қазіргі таңда ауа райы құбылмалы. Бірде қар жауып, бұрқасындатса, бүгін Оралда жаңбыр жауып тұр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).