Боранды күні жолда қалған адамдарға көмектескен бір топ ақтөбелік марапатталды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе облысы аумағындағы боранда жүргізушілер мен жолаушыларға, науқастарға көмектестен түрлі сала мамандары мен еріктілер марапатталды.
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі
Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров бүгін боранды күні қар құрсауында қалған адамдарға ыстық тамақ жеткізген еріктілерді, облыс орталығынан ауданға барып, ота жасаған дәрігер мен жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз еткен полиция қызметкерлерін марапаттады. Сонымен бірге төтенше жағдайлар қызметкерлері де алғыс хат алды.
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі
«7 ақпан күні Әйтеке би аудандық ауруханасынан ауыр бас-ми жарақаты бар науқастың түскені туралы ақпарат келді. Ес жимаған адамды мүлде тасымалдауға болмайды. Сондықтан мен тапсырмамен жолға шықтым. Ақтөбе қаласынан аудан орталығына дейін 300 шақырым болса, оны 10 сағат жүріп бардық. Бес сағат бойы жолда тұрып қалдық. Бізді полиция қызметкерлері тасымалдады. Барған соң 2 сағат бойы ота жасалды. Біз мұндай жағдайға үнемі дайын жүреміз. Кез келген уақытта көмекке баруымыз керек», - деді Ақтөбе көпсалалы ауруханасының нейрохирургі Нұрсұлтан Айтмурзин.
Марапатталғандар арасында полиция қызметкерлері де көп болды. Олар тек тәртіпті бақыламай, құтқару жұмыстарын да жүргізді.
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі
«Самара-Шымкент тасжолында қар құрсауында қалған көлік жүргізушілері мен адамдарға көмек көрсетілді. Бұған дейін инсульт алған жүргізушінің денсаулығы қайта сыр берген екен. Оны көлігіме отырғызып, ауруханаға жеткіздім. Сонымен бірге қар құрсауында тұрған адамдарға тамақ тасып, боран басылған соң көліктің жүрісіне көмектестік», - деді Ақтөбе облысы Полиция департаменті патрульдік ротасының взвод командирі Жеңісбек Мұратов.
Бүгін барлығы 40 ақтөбелік марапатталды. Сонымен бірге жолда қалған адамдарға қол ұшын созған аудан, ауылдардағы адамдар да алғысқа бөленді.
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі
«Барша ақтөбелік жанашырларға рақмет айтамын. Алдағы қызметке сәттілік тілеймін. Қиын кезде адам ысылады, болашақта да адал еңбек ететіндеріңізге еш күмән жоқ», - деді Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров.
Фото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіФото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметіФото: Ақтөбе облысы әкімінің баспасөз қызметі
2001-2006 ж.ж. Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетін тәмамдады. Мамандығы - журналист. Еңбек жолын 2006 жылы "Kerek.info" қоғамдық-ақпараттық газетінен тілші болып бастап, шеф-редактордың орынбасары, шеф-редактор болды. Әртүрлі жылдары "Айқын" қоғамдық-саяси газеті, Bnews.kz, Aktobenews.kz тілші қызметін атқарды. 2017 жылдан бастап Kazinform агенттігінің Ақтөбе облысындағы меншікті тілшісі.