ОРАЛ. KAZINFORM - Боранға байланысты Қазақстан-Ресей шекарасында жүк көліктеріне шектеу қойылды.
ҚР ҰҚК Шекара қызметі БҚО бойынша департаментінен мәлім еткеніндей, Ресей Федерациясындағы төтенше жағдайлар қызметінен түскен мәлімет бойынша боран, көктайғаққа байланысты Самара-Тольятти жолында жүк көліктері үшін шектеу қойылған.
«Осыған орай Маштаков халықаралық автомобиль өткізу бекетінде жүк көліктерінің Қазақстаннан Ресейге өтуіне шектеу енгізілді. Өткізу шамамен 21 қаңтар күнгі сағат 13.00-ге дейін тоқтатылған. Сондықтан жүргізушілерге балама бағытты таңдауды ұсынамыз. Мемлекеттік шекарадан Ақсай-Елек, Шаған-Теплое, Тасқала-Озинки бекеттерінен өтуге болады», - деп хабарлады ведомстводан.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Батыс Қазақстанда қолайсыз ауа райына байланысты 11 жол бөлігінде қозғалыс шектелгенін жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).