Боранға байланысты Қапшағайдан ШҚО шекарасына дейінгі жол жабылды
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Алматы облыстық филиалы мен «Казавтодор» ЖШС Алматы облыстық филиалының хабарлауынша, 2021 жылдың 22 қаңтарында сағат 16.00-ден бастап ауа райының нашарлауына байланысты (көріну шектеулі, күшті желі, боран) «Алматы - Өскемен» республикалық маңызы бар автожолында (70 - 615 шақырымы, Қапшағай қаласы мен ШҚО шекарасы аралығы) автокөліктің барлық түрлері үшін қозғалыс жабылды.
«Алматы облысының ТЖД азаматтардан осы бағыттағы сапарлардан бас тартуды және 112 қызметі жолдаған СМС хабарламаны назардан тыс қалдырмауды сұрайды» делінген Алматы облыстық төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің жариялаған хабарламасында.
Ведомствоның өкілдері алыс жолға шыққан кезде ауа райы болжамымен танысып, төтенше жағдайларда қажет болатын барлық затты өзіңізбен бірге алып жүру керектігін ескертеді.