Бөрлі ауданында жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағытында 97,5 млн астам теңге бөлінді - БҚО

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының «Жаппай кәсіпкерлікті дамыту» 2-бағыты бойынша Бөрлі ауданына 97,583 млн теңге бөлінді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Ғалия Баймұқашеваның айтуынша, биыл бағдарламаға қатысушы алты адам өз істерін кеңейту үшін 36,8 млн теңге несие алды. Сонымен қатар жеті үміткердің 59,4 млн теңгені құрайтын құжаттары қаралу үстінде.

«Бағдарламаға қатысушыларды техникалық және кәсіптік біліммен және қысқа мерзімді кәсіптік оқумен қамтамасыз ету» 1-бағыты бойынша қысқа мерзімді кәсіби оқу үшін 39,779 млн теңге қаралды. Жоспар бойынша 228 адам қысқа мерзімді курстан өту керек болса, 10 тамызға дейін 108 адам балабақша тәрбиешісінің көмекшісі, дәнекерлеуші, аспаз, шаштараз мамандықтары бойынша оқуға жолданды.

Бағдарламаның «Халықты жұмыспен қамтуға жәрдемдесу және еңбек ресурстарының ұтқырлығы арқылы еңбек нарығын дамыту» 3-бағытына сәйкес нақты жұмыстар атқарылуда. Жыл басынан бері аудандық жұмыспен қамту орталығына 1692 адам жұмыс іздеп, жолықты. Жұмыспен қамту шараларымен 1275 адам қамтылса, соның ішінде 889-ы тұрақты жұмыс тапты. 39-ы әлеуметтік жұмыс орындарына, 102-сі жастар тәжірибесіне, 273-і қоғамдық жұмысқа жолданды. Биылғы жеті айда 330 адам жұмыссыз ретінде тіркелді.

Заңды және жеке тұлғалармен, сондай-ақ іске қосылған өндірістерді кеңейту есебінен жыл басынан бері 681 жұмыс орны (жоспар - 331) ашылды. Сол секілді мемлекеттік және үкіметтік бағдарламалар аясында 97 жұмыс орны (жоспар - 108) пайда болды. Еңбек ресурстарының табиғи жылжуына байланысты босатылатын жұмыс орындары есебінен 332 адам (жоспар - 998) өз орнын тапты. Осылайша, барлығы 1110 жұмыс орны (жоспар - 1437) ашылды.

Әлеуметтік жұмыс орындарына 5,121 млн теңге бөлінсе, соның 2,586 млн. теңгесі игерілді. Жастар тәжірибесіне республикалық бюджеттен келген 14,295 млн теңгенің 5,457 млн теңгесі, жергілікті қазынадан қаралған 17,157 млн. теңгенің 7,924 млн теңгесі игерілді. Ақылы қоғамдық жұмыстарға берілген 35,031 млн теңгенің 22,257 млн теңгесі жұмсалды.

Мемлекеттік бағдарламаның игілігін көргелі отырғандардың бірі - Махаббат Торғаева. Ол негізгі мамандығы - есепшілік бойынша тұрақты жұмыс таба алмағаннан кейін аудандық жұмыспен қамту орталығына тіркелген. Енді ол аспаз мамандығын меңгермекші. «Аспаз мамандығы жаныма жақын. Әйел адам болған соң көп уақытымыз ас үйде өтеді. Дегенмен әр мамандықтың қыр-сыры көп. Сондықтан аспаздықты толық меңгеруіме колледж ұстаздары көмек беруде. Осының бәрі - Елбасы тапсырмасына сәйкес қолға алынған мемлекеттік бағдарламаның арқасы», деді ол. Махаббатпен бірге аспаздықты 25 адам меңгеруде. Сол секілді жас маман Мейрамбек Сыдықов аудандағы жастармен жұмыс жөніндегі ресурстық орталыққа жастар тәжірибесі бойынша қабылданып, жұмыс жасауда. Ол да ел ертеңі - жастарға мемлекет тарапынан зор қолдау көрсетіліп отырғанын жеткізді.

Айта кетейік, Бөрлі ауданында жыл басынан бері үш рет бос орындар жәрмеңкесі өткізілді. Соның нәтижесінде тұрақты жұмыс тапқандар аз емес.