ОРАЛ. 9 желтоқсан. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Бөрлі ауданына қарасты Бөрлі ауылында 8 желтоқсан күні «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасына сәйкес салынған алпыс үй пайдалануға берілді.
Тұрғын үйлер құрылысына республикалық қазынадан 30 млн. астам теңге бөлінсе, аудандық бюджеттен инженерлік желілерді тартуға, жол салуға, жарықтандыруға 127 млн. теңге жұмсалды.
Жаңа үйлерді «НазТур» фирмасы үш айдың ішінде салып бітірген. Оған Бөкей ордасы, Жәнібек, Қазталов аудандарының экономикалық әлеуеті төмен ауылдарынан қазірдің өзінде 12 отбасы келіп, қоныстанған. Аумағы 70,8 шаршы метрді құрайтын үйлерге газ, су келіп тұр, кәріздік желілер де тартылған.
Салтанатқа қатысқан облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің атап өткеніндей, өткен жылы өңірде 207 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, биылғы көлемі 258 мың шаршы метрге жетіп отыр.
Бөрлі ауылының әкімі Владимир Баштовенконың мәлім еткеніндей, ауылда 138 адамға жұмыс орны дайын тұр.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).