«Боровичок» балалар демалыс аумағында жазғы маусымның ресми ашылуы өтті (ФОТО)

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласы әкімдігінің «Балалар үйі» КММ «Боровичок» балалар демалыс аумағында жазғы сауықтыру маусымы ашылды, деп хабарлады Астана қаласы әкімінің ресми сайты.

Елордалық балалар үйінің 4 жастан 18 жасқа дейінгі 134 тәрбиеленушісі жыл сайын жазда қала сыртындағы демалыс аумағына келеді.

Мерекелік шара Қазақстан Республикасының әнұранын айтумен жәее ту көтеруден басталды. «Боровичок» демалыс аумағының «жасыл» алаңына ҚР Білім және ғылым министрлігінің, Астана қаласы Білім басқармасының өкілдері, Балалар үйінің тәрбиешілері мен тәрбиеленушілері жиналды. Қалалық Білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиеваның айтуынша, балалар мұнда білімдерін жетілдіріп, жаңа нәрселер үйреніп, алдағы оқу жылына дайындалады.

- «Боровичок» жазғы демалыс аумағы жетім балаларға арналған. Ұдайы жазда оларды осында әкелеміз. Бәрі де үш ай бойы демалып, күш жинайды. Биыл 34 оқушы мектеп бітіреді. Жыл өткен сайын балалар саны азайып келеді, біз бұған қуаныштымыз. Биыл патронатты 34 пайызға арттырды. Қазіргі таңда балалар үйінде 134 бала тәрбиеленіп жатыр», - деді Эльмира Суханбердиева.

Мерекелік шарада балаларға спорттағы жетістіктері үшін жүлделер табысталып, балалар үйі мен меценаттардың атынан сыйлықтар берілді.