Бортында экипажы бар «Жеңіс» зымыран тасығышы ғарышқа аттанды

Фото: Фото: Роскосмос

БАЙҚОҢЫР. KAZINFORM – Бүгін Астана уақыты бойынша сағат 10:47-де «Байқоңыр» ғарыш айлағының 31-ші алаңынан «Союз МС-27» басқарылатын көлік ғарыш кемесі бар «Союз 2.1» зымыран тасығышы ұшырылды. Бұл сапар Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналады.

Халықаралық ғарыш стансасына (ХҒС) кезекті, 73-ші ұзақмерзімді экспедициямен ұшырылым жасаған кеменің бортында командир, бортинженер және экспедиция командирі, Роскосмос ғарышкері Сергей Рыжиков, кеменің 1-бортинженері, экспедиция бортинженері, Роскосмос ғарышкері Алексей Зубрицкий және кеменің 2-бортинженері, NASA астронавты Джонатан Ким бар. 

Ұшыру процесі штаттық режимде өтті. Ұшу циклограммасына сәйкес, «Союз ТМ-27» ғарыш кемесінің зымыран тасығыштың үшінші сатысынан ұшырылғаннан кейін тоғыз минуттан соң ажырап, кеме Жердің жасанды серігі орбитасына шығарылды. 

Фото: Роскосмос

Ұшу процесі «Роскосмос» әлеуметтік желілерінде тікелей көрсетілді және ғарыш аппараты ғарышқа ұшқан көктемгі қазақ даласының таңғажайып көрінісін тамашалауға мүмкіндік болды.

Байқоңырда ауа райы тамаша, +22 градус, ұшырылымды 2,5 мыңнан астам қонақ пен турист тамашалады. Олардың қатарында Қазақстан Парламентінің депутаттары,  мектеп оқушылары, актерлар, тілшілер, блогерлер бар.  

Байқоңырдан тікелей репортаж жүргізушілердің айтуынша, ғарышкерлер өздерін жақсы сезінеді.

«Союз ТМ-27» ғарыш кемесін ХҒС-қа түйістіру бүгін ұшырылғаннан кейін үш сағаттан соң жүзеге асады деп жоспарланып отыр.