Бортында үш ғарышкері бар «Союз» аппараты қазақ жеріне қонды

АСТАНА. 19 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін мәскеу уақытымен сағат 05.53-те ішінде 32/33-Халықаралық ғарыш стансасы экипажының 3 ғарышкері бар "Союз ТМА-05М" кемесінің жерге қонушы аппараты қазақ жеріне қонды.

Бұл туралы Ұшыруларды басқару орталығынан хабарланды.

Капсула жоспарланған аумаққа - Арқалықтың солтүстік-шығысына қонды.

Жерге оралған ғарышкерлер - ресейлік Юрий Маленченко, американдық Сунита Уильямс және жапондық Акихико Хосидэ орбитада 126 тәуліктен аса уақыт болды.

Іздестіру-құтқару тобының мамандары қонушы аппаратпен Жерге оралған ғарышкерлердің  жағдайын қанағаттанарлық деп бағалауда.