«Борышкерге 50 пайыз жеңілдік жасалуы мүмкін» - БАҚ-қа шолу

АСТАНА. 2 наурыз. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» агенттігі республикалық басылымдарда 2 наурыз, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің бүгінгі санында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ізбақ Өмірзақовпен арадағы сұхбат «Елбасы Жолдауы - ел дамуының серпіні» деген тақырыппен берілген. Басылым тілшісінің барлық сауалына тұщымды жауап берген халық қалаулысы «Елбасымыз өз Жолдауында әлеу­меттік саясаттың жаңа прин­циптеріне арнайы тоқталған болатын. Еліміздің азаматтары үшін экономика мен бюджеттің өсіміне тікелей тәуелді болатын ең төменгі әлеуметтік стандарттар мен кепілдіктер белгілеуіміз керек. Осыған байланысты біздің сайлаушылар мемлекеттің зейнеткерлерге, мүгедектерге, еңбекке жарамсыздарға, науқас балаларға және т.б. әлеуметтік жағдайы төмен азаматтарға атаулы көмек үшін толық жауапкершілік алатынына ризашылықтарын білдірді», - дейді.

Кеше елордадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақ­стан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясын (ҚХА) құру туралы Жарлығының қабылдануына 18 жыл толуына арналған жиын өтті. Осы жайт арқау болған мақала ел газеті «Егемен Қазақстанда» «Бірлікті бекемдеудегі биік белес» деген тақырыппен берілді. «Шараға қатысып, сөз алған азаматтар осыдан 18 жыл бұрын, яғни 1995 жылдың 1 наурызында құ­рылған ҚХА-ның құрылымын ұлт­тық саясат жүйесінің бір бөл­шегі саналатын орган ре­тінде қарастыруға ұмтылды. Сон­дай-ақ, оны 820-дан астам этно­мәдени бірлестіктердің басын бір арнаға тоғыстыра отырып, аза­маттық қоғам мен мемлекет мүмкіндіктерін жұмылдыратын қоғамдық келісім тетігі ретінде бағалады», - деп жазады басылым.

***

«Қазақстанда сот шешімдерінің орындалуын қамтамасыз ететін «атқарушылық өндіріс жүйесі түбегейлі реформалану қажет. Бас прокуратура мен Әділет министрлігінің кешегі ведомствоаралық жиналысында осындай байлам айтылды. Жүйені жаңарту аясында біраз жаңалықтар өмірге жолдама алуы мүмкін», - деп жазады «Айқын» газеті «Борышкерге 50 пайыз жеңілдік жасалуы мүмкін» деген тақырыптағы мақаласында. Мәселен, басылымның атап өтуінше, Бас прокурор Асхат Дауылбаев өз қарыздарын көп созбай, «сөндіретін» борышкерлерге «дисконт» беруді ұсынды. Бұл ретте қарыз болып қалған қазақстандықтарға 50 пайызға дейін жеңілдік жасалуы мүмкін.

***

«Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында шетел мұрағаттарында сақтаулы тұрған қазақ тарихына қатысты талай құнды дүниемен таныстық. Аз ғана уақыттың ішінде Қазақ елінің беймәлім тұстарын айқындайтын бірегей жәдігерлер табылып, ғалымдарымыз Ресей, Өзбекстан, Армения, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Қытай мен Египет секілді елдерге іссапарлары барысында Қазақстан тарихына қатысты құнды құжаттардың есебін алды. Әлі де болса алыс-жақын шет жұрттарда еліміздің тарихына қатысты құндылықтар жетерлік. Алайда осынау құндылықтарымызға «қол жеткізу қиын» дейді кейбір ғалымдар. «Басқа елдермен алыс-беріс, қарым-қатынас жақсарған тұста шетел мұрағаттарындағы тарихқа қатысты деректерді алу қиын деу - енжарлардың ісі» деушілер де жоқ емес. Белгілі тарихшы-ғалымдар Болатбек Нәсенов пен Қанат Өскенбайдың осы тақырыпқа қатысты пікірлері «Алаш айнасы» газетінің «Ой-көкпар» айдарымен жарияланып отыр.

«Бізде өнер мен мәдениетке барынша жағдай жасалып жатыр. Бәрі бар. Бірақ әнші жоқ, күйші жоқ, бард жоқ, шансон жоқ, фольклор жоқ. Өйткені біз өресі биік өнерді этнографияның деңгейіне дейін түсіріп жібердік. Әлі күнге шын өнерге бойлай алмай, бетінде ғана қалқып, «қазақтың мынадай әні, мынадай биі бар» деп жүргенімізді мойындауымыз керек. Бізде қазір әнші шығарғыш жоба көп, бірақ содан нағыз өнерлілер шығып жатқан жоқ», дейді ақын Қуаныш Мақсұтов. Ақынның бардтық өнерге, бұқаралық мәдениет пен продюсерлік мектепке қатысты басқа да ойларын «Алаш айнасы» газетінің «Дат» айдарында «Банкеттік мәдениеттен» құтылмай, ұзаққа бармаймыз» деген тақырыппен берілген сұхбатынан оқып-біліңіз.

***

«Казахстанская правда» газетінің жазуынша, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Францияның Сыртқы істер министрі Лоран Фабиусты қабылдады. Мемлекет басшысы Францияның сыртқы саясат ведомствосы басшысының сапары екіжақты қатынастардың нығаюының жоғары қарқынын танытатынын атап өтті. «Біздің елдеріміздің ынтымақтастығы серпінді дамып келеді. Үш ай бұрын мен Франция Президенті Франсуа Олландпен кездестім. Қазір біз оның Қазақстанға сапарын күтудеміз. Біз үшін Франция Еуропалық Одақ елдері арасында ірі инвесторлардың бірінен саналады. Қазіргі уақытта біз түрлі қызмет салаларындағы 25 бірлескен жобаны іске асырудамыз, екіжақты өзара іс-қимылды дамыту перспективалары өте зор», - деді Н.Назарбаев. Өз кезегінде Францияның Сыртқы істер министрі Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс айтты және француз көшбасшысының шын пейілді тілегін жеткізді. Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық серіктестік мәселелері қаралды, сондай-ақ халықаралық саясат, өңірлік және жаһандық қауіпсіздіктің кең ауқымды мәселелері жөнінде де пікір алмасылды.