"Біз "Цифрлық партия" жобасын іске асыруды бастадық. Бұл шаралар соңғы жылдары жасалған әзірлемелер базасында іске қосылуда. Оның мақсаты - партияның барша қызметін цифрландыру. Цифрлық партия 11 қосымша жүйені қамтиды, бұл ретте партияның барша негізгі бағыттары ескеріледі. Сонымен қатар шағын және орта бизнесті қолдау бойынша бірнеше жаңа жобаларды даярладық", - деді Әшімбаев ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өтіп жатқан «Нұр Отан» Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында.
Бұдан бөлек Мәулен Әшімбаевтың сөзіне қарағанда, кәсіпкерлер жиі көтеретін проблемалардың бірі - ол коммерциялық мақсаттар үшін қалалар мен елді мекендерде жер телімдері туралы ақпараттың қолжетімдігі мәселесі.
"Сонымен бірге, "Атамекен" ҰКП мәліметіне қарағанда, учаскенің мақсатты бағытын өзгертуге рұқсат алу мерзімі 150 күнге дейін уақыт алады. Яғни, тиісті рұқсатнаманы алуға бірнеше ай керек. Қызылорда облысында цифрландырудың арқасында өтінімдерді қарастыру мерзімі үш есеге дейін қысқарды. Біздіңше, бұл мерзімді әлі де азайтуға болады", - деді ол.
Осы орайда М. Әшімбаев бұл мәселені Ұлттық бірыңғай ақпараттық онлайн-қызметті құру арқылы шешуге болатынын атап өтті.
"Бұл өз кезегінде бизнеске бір мәліметтер көзінен бос жер телімдері, аукциондар, стандарттар туралы ақпарат алуға мүмкіндік берер еді. Яғни, жер учаскелерін алуға қатысты қажетті ақпарат қамтылады. "Нұр Отан" бұл қызметті қоғамдық бақылауға алады. Үкіметпен бірлесе осындай бірыңғай онлайн-жүйені құру бағытында жұмыс істейміз", - деді Мәулен Әшімбаев.