Бос жұмыс орындары жәрмеңкесіне 800-ге жуық студент қатысты - Қызылорда

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Қызылорда қаласы әкімдігімен, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен бірлесе отырып, «Түлек - 2017» бос жұмыс орындары жәрмеңкесін өткізді,деп хабарлады ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

Алғаш рет ұйымдастырылған шараға білім ұясын биыл бітіретін 800-ге жуық түлек және жүзден астам жұмыс беруші тараптың өкілдері қатысты. Сондай-ақ әлеуметтік маңызға ие мұндай игі бастамаға қолдау көрсету мақсатында Қызылорда қаласы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов, ҚР Әділет министрлігі Қызылорда облысының Әділет департаментінің бастығы Қалдыбек Сапаров сынды бірнеше мемлекеттік органдардың, өндіріс орындарының, білім беру ұйымдарының және қаржылық құрылымдардың басшылары келді.

Университет ректоры, т.ғ.д., профессор Қ.А.Бисенов жоғары оқу орнын тәмамдаған бітіруші түлектердің алдағы уақытта біліктілік талаптарына сай келуі үшін университет 40-тан аса мекеме мен ұйымдар арасында әлеуметтік әріптестік орнатқанын айта келе, бүгінде оқу орнының түлектері өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени дамуына өз үлестерін қосып келе жатқандығына тоқталды.

Өткен жылы осы оқу орнын бітірген 700-ге жуық түлектің бүгінде 85 пайызы жұмыспен қамтылған. Сонымен қатар, бос жұмыс орындары жәрмеңкесі аясында университет ректоры 10-нан аса бітіруші түлекке өз мамандықтарына сәйкес жұмысқа орналасуға жолдама табыстады.

Бос жұмыс орындары жәрмеңкесі барысында 107 жұмыс беруші тарап бос жұмыс орындарын ұсынды.

Аталмыш жоғары оқу орнының басшысы жұмыс беруші 9 мекеменің өкілімен  өзара қызмет және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.