Босаңсуға әлі ерте - алматылық дәрігер коронавирус таралуы жайлы
Оның айтуынша, елімізде соның ішінде Алматыда қазіргі уақытта коронавирус індетін жұқтырғандар саны азайды. Алайда вирус өте қауіпті болғандықтан мутацияға ұшырап, жаңа штамдардың пайда болуына әсер етуі әбден мүмкін. Сондықтан санитарлық талаптарды толыққанды орындаған дұрыс. Коронавирусқа қарсы екпе алуды тоқтауға болмайды.
«Бүгінгі таңда Қазақстанда «QazVac», «Vero cell», «Комирнати» (Pfizer) вакциналары тіркелген. Олар ауруға қарсы тұрып, иммунитетті күшейтеді. Сондықтан тұрғындарға екпе мен ревакцинацияны жалғастыру ұсынылады.
Ревакцинация – вакцинадан кейін иммунитетті көтеру мақсатында жасалатын шара. Вирус түрінің мутациялық қабілетін ескере отырып, вирустың пандемиялық дәрежедегі алдын алу шараларының ең негізгі және маңызды шешімі деп ойлаймын. Ағзаның өзіндік иммунитеті арқылы вирусты толыққанды жеңуі үшін жасалады. Айта кетейік, ревакцинацияны алғашқы вакцинаның толық 2 компонентін алған соң, 6-9 айдан кейін алу керек», - дейді дәрігер.
Сонымен қатар, ол инфекцияның алдын алу үшін адам көп жиналатын жерлерден аулақ болуға кеңес берді.
«Адамдар көп жиналатын жерлерге мейілінше бармаған жөн. Маска тағып, құрамында кем дегенде 70 пайыз спирт бар антисептикті қолдану керек. Жеміс- жидекті ыстық сумен жуу қажет. Спортпен шұғылдануды әдетке айналдырған дұрыс. Күнделікті пайдаланып жүрген ас мәзірі ақуыздарға, дәрумендер мен минералдарға бай болғаны абзал. Осының бәрі аурудың алдын алуға және тез сауығып кетуге көмектеседі», - дейді Қарлығаш Қайырбекова.
Спикер коронавирус ауамен тарайтынын тағы еске салды
«Коронавирус пандемиясы басталғалы маска күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Роберт Кох атындағы институт таратқан мәліметке сәйкес, індет адамнан адамға жөтелу немесе түшкіру нәтижесінде ауа-тамшылы жолмен, сондай-ақ жанасу арқылы беріледі. Сондықтан маска ең маңызды сақтық шараларының бірі. Қазақстанның барлық аймағында коронавирус бойынша эпидемиологиялық жағдайдың жақсарғаны байқалады. Алайда босаңсуға әлі ерте»,- деді дәрігер.