Босқындар көші Еуропаны тығырыққа тіреуде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Африка мен Таяу Шығыстан шыққан босқындар Еуропаны тығырыққа тіреуде, деп хабарлады www.24.kz.

Бұл туралы Еуропалық комиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкер Страсбургте өткен парламент сессиясында мәлімдеді.

Оның айтуынша, мұндай келімсектер көші Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен болмаған. Бүгінге дейін кәмелетке толмаған 10 мыңға жуық босқын жоғалып кетті. Оларға бөлінетін гуманитарлық көмек те қазіргі уақытта мардымсыз. Жиынға қатысушылар мигранттарды қадағалау шараларын күшейту қажет екеніне баса назар аударды.

«Босқындар көші толастар емес. Мәселені бірлесе шешпесек, одан сайын ушыға түсуі мүмкін. Келімсектерге көмек көрсету міндетін алған елдерді өздеріне жүктелген жұмысты жауапкершілікпен атқаруға шақырамын», - деді Еуропалық комиссияның төрағасы Жан-Клод Юнкер.